Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТІРЛІК ПЕН ЕЛДЕГІ БІРЛІК ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖЕМІСІ

ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТІРЛІК ПЕН ЕЛДЕГІ БІРЛІК ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖЕМІСІ

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан барлық жағынан алда болуға ұмтылды. Ашығын айтқанда, қазір де бұл ойынан айныған, алған бетінен қайтқан емес. Осы уақытқа дейінгі жасалған дұрыс жұмыстардың басында қазақ тілін мемлекеттік тіл деп қабылдап, Семей сынақ-полигонын жауып, ядролық қарудан біржолата бас тартуымыз болатын. Біз қазақтың тілін мемлекеттік тіл деп ата заңымызға ендіріп, Қазақстанның болашағын тек ана тілімізбен байланыстыруымыз қажеттігін түсіндік. Ұлт көшбасшысының өзі “Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін” деп ана тіліміздің көкжиегін кеңейту үшін жасалған жұмыстарға мұрындық болды. Әлем картасындағы тоғызыншы территорияны иеленіп жатқан осынау ұлан-байтақ елімізде жер бетінде алғашқылардың бірі болып соғылған “Байқоңыр” ғарыш айлағы орналасқан. Оның тарихы, қалыптасуы, дамуы түгел кеңестік кезеңде жүрді. Адамзат баласының алғашқы ғарышкері де осы жерден аспан әлеміне сапар шекті. Тәуелсіздік алып, егемендік еншілегеннен кейін өзімізден шыққан ұшқышты ғарышқа ұшыру бақыты да туды. Бұл абыройлы міндет Тоқтар Әубәкіровке тапсырылды. Сөйтіп, Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер атанды. Елбасымыздың мұрындық болуымен ТМД, Кеден одағы, ШЫҰ, Еуразиялық одақтар құрылды.
Қазақстан халықтары ассамблеясы жұмыс жасап тұр.  Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқылы “Қазақстан–2030” бағдарламасы белгіленген уақытынан бұрын орындалып, әлемдегі дамыған алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылды. Ендігі меже “Қазақстан–2050” стратегиясының межесінен шығу үшін дамыған отыз елдің қатарына қосылу болып отыр. Осы бетімізден қайтпай, алға қарай ұмтылып еңбектене беретін болсақ, онда бұл межені де мерзімінен бұрын орындарымыз сөзсіз.
Мәден ӘЛЖАНОВ, кәсіпкер
08 желтоқсан 2017 ж. 1 147 0