Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз банк картасын қай тілде пайдаланып жүрсіз?

Сіз банк картасын қай тілде пайдаланып жүрсіз?

Мұның бәрі түптеп келгенде елдің болашағы, діліміз, ұлтымыз, тілімізді нығайту үшін, мемлекетімізді одан әрі орнықтыру үшін жасалып жатқан дүниелер. Сондықтан, осындай ауқымды бастамаларға сіз болып біз болып бірауыздан қолдау білдіруіміз қажет-ақ.
Қоғамдағы күйіп тұрған тағы бір мәселе – мемлекеттік тілдің қолданыс аясы. Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың былай деп айтқаны бар: «Елімізде 100 ұлт пен ұлыс отыр, солардың барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады?! Сондықтан, мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Ресейдің Президенті тек қана өз тілінде, Американікі де, Түркиянікі де өз тілінде сөйлейді, мен амалсыз екі тілде бірдей сөйлеймін. Бұл жағдай мәңгі солай бола бермейді, қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық салада енгізуге жұмыс жасаймыз. Өз ішімізде, елімізде, мемлекеттік басқару органдары мен басқа салаларда, барлығы да өз тілімізде жүретін болады, құдай бұйыртса…».
Елбасының көтеріп отырған мәселесі дұрыс, бірақ бар кілтипан – өзімізде. Мемлекет бізге ана тілімізге қатысты барлық қажеттілікті заңнамалық тұрғыдан жасап берді. Ал, оның тетігін жүзеге асыру – қоғам мүшелерінің қолында. Бірақ, мемлекеттік тілдің мерейін қалай асырамыз, тіліміз қалай мемлекеттік қызметтің барлық саласында орыс тілімен тең дәрежеде қолданылады? Бұл үлкен мәселе. Көпшілігіміз «ана тілімізді құрметтейік, тіліміз – болашағымыз» деп айқай салғанымызбен әлі де болса іс жүзінде жүзеге асыра алмай келе жатқандаймыз. Сондықтан, мемлекеттік тілге деген сұранысты өзіміз арттыруымыз керек.
Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғаламтор – ақпарат алмасудың ең тиімді тәсіліне айналғаны қашан. Желіге кірсеңіз болды қажеттісі де, керек емесі де тізіліп шығады. Қолданушылар саны көп фейсбук пен ватсап желілерінде бастапқыда осы жазбаны «10 адамға жіберсең бақытты боласың, 15 адамға жіберсең жолың ашылады немесе сүйіктіңді табасың» деген хабарламалар үздіксіз таратылатын еді. Кейбір сенгіштер тағдыры сол 3-4 сөйлемді бөлісумен шешіліп қалатындай жанталасып, достарымен бөлісіп әлекке қалатынын қайтерсің.
Қуанарлығы, соңғы уақытта фейсбук, ватсап желілерінен қоғамда болып жатқан пайдалы ақпараттарды да алып жүрміз. Мәселен, соңғы күндері «елімізде банкомат картасын пайдаланушылардың 95 пайызы ресми тілді қолданса, тек 5 пайызы ғана қазақ тіліндегі мәзірді пайдаланады» деген қазақ тілі қоғамының ескертуін оқыдық. Әрине, мұның шындыққа жанасуы әбден мүмкін. Егер солай болатын болса «тілім» деп еміреніп жүргендердің көпшілігі күнделікті тұрмысында мемлекеттік тілге мойын бұрмай ресми тілді қолданатын болып жүр ғой.
Бұлай жалғаса берсе тілімізді жаңғыртамыз, мемлекеттік тілді қолдаймыз деп ұрандатуымыз бос әурешілік. Бірінші кезекте өзімізден бастап ана тілімізді құрметтеуіміз қажет. Ол үшін мейлі қоғамдық көлікте болсын, дүкенде, емханада, банкте, кез келген орында ана тілінде сөйлесек қана мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосамыз. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру өзіміздің ғана қолымызда екенін ұмытпайық. Ал, сіз банк картасын қай тілде пайдаланып жүрсіз?
Гүлхан ЯХИЯЕВА.
10 қараша 2017 ж. 1 780 0

Қоғам

Мен өмірді қалаймын!
07 қараша 2024 ж. 53

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930