ӨҢІРАРАЛЫҚ ФОРУМ АДАМ КАПИТАЛЫНА АРНАЛДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Челябі қаласында XIV өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форум басталмай тұрып Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті. Сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеме жасалды.
Сапар барысында екі ел басшысы Оңтүстік-Орал университетіне, «Конар» кәсіпорыны мен Челябі ұсталық-баспалау зауытының Красноармейский ауданындағы филиалына барады. Форумның пленарлық отырысы алдында Ресей мен Қазақстан мемлекет басшылары жеке кездесу өткізіп, екіжақты және халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар мемлекетаралық, үкіметаралық, өңірлік және қаржылық келісімдерге қол қойылды. Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форум 2003 жылдан бері кезек-кезек екі ел аумағында жыл сайын өткізіліп келе жатыр. Мұндай форум бұған дейін Челябіде 2005 жылы болған еді. Биылғы аймақаралық форум адам капиталы тақырыбына арналды.
Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекеттің өңіраралық ынтымақтастығы тұрақты түрде дамып келе жатқанын айтты.
– Өз уақытында барлық ірі кәсіпорындарда болдым. Осы жылы сізбен тағы да кездесіп отырғаным үшін қуаныштымын. Соңғы тоғыз айда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 31 пайызға артты. Министрлеріміз 30 өңіраралық және 10 инвестициялық жоба бойынша жұмыс істеді. Біздің әр кездесуіміз – ірі тапсырмалардың шешімі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Адам капиталының дамуы» деп аталатын XIV өңіраралық ынтымақтастық форумына екі ел басшысы және қос мемлекеттің министрлері мен ірі бизнес өкілдері қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев форумның екіжақты ынтымақтастықтың маңызды ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Президент талқыға салынып отырған тақырып екі мемлекеттің де басты назарында екенін және сандық технологиялар қарыштап дамып жатқан заманда оның ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті адам капиталына қатысты барлық негізде жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Бұл бірінші кезекте, білім, денсаулық сақтау, еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік қорғау жүйесіне қатысты.
– Қазіргі кезде 30-дан астам қазақстандық университет ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Перспективалық бағыттар негізінде Қазақстан мен Ресей ғалымдарының ғылыми консорциумын құру керек. Негізінен биоақпараттық технологиялар, энергетика, ғарыш және басқа салалар бойынша, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Назарбаев университеті, инновациялық технологиялар паркі, «Сколково» ресейлік орталығы сияқты инновациялық кластерлердің мүмкіндігін де пайдалану қажеттігін атады. Сонымен қатар бірлескен жұмыс атқаруға Астана – EXPO инфрақұрылым базасында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл технология» инвестиция орталығы және IT-стартап технопаркі сынды орталықтардың да пайдасы тимек. Мемлекет басшысы білім қызметіне сұраныс көп өңірлерімізде ресейлік университеттердің филиалын ашу мәселесін де қолға алу керектігін айтты.
– Бізге мемлекеттеріміздің аумағында халықаралық білім хабын орнатуды қолға алуымыз керек. Ол үшін білім бағдарламасы саласында, оның ішінде ашық онлайн білім курстарының санын арттыру
қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіру және телемедицина желісін дамыту бойынша да тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл жұмыс Еуразиялық Эконономикалық одақ аясында басталды. Астанада сандық жүйеге көшіру бойынша келер жылдың бірінші тоқсанында форум өткізуді ұсындым. Қазақстан мен Ресей бұл салада қозғаушы күш болуы тиіс, – деді Президент.
Сондай-ақ ол медициналық өнімдер және дәрі-дәрмек нарығы бойынша да бірлесе әрекет етуді жалғастыру керек екенін айтты. Әлеуметтік қорғау жүйесі мен еңбек нарығын дамыту бойынша да бірлескен жұмыстың маңызды тұстарын жария етті.
– ЕАЭО аясында біз ортақ еңбек нарығын құруға қатысты шешім қабылдағанбыз. Оның әсерін арттыру үшін жұмысшылардың білім-білігіне қатысты бірізділікті күшейтіп, білімдерін жетілдіруіміз керек. Үкіметтеріміз бұл жұмыстың үйлесімділігі үшін шаралар қабылдауы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы өте өзекті мәселе болып саналатын туризмге де назар аударды.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу екі елдің адами капиталының дамуына тың серпін беретініне сенім білдіріп, форум қатысушыларына алғыс айтты. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды. Олардың арасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстанда филиалын ашу, энергетика, мұнай және денсаулық сақтау салалары бойынша бірлесе жұмыс атқаруға қатысты маңызды құжаттар бар. Екі ел өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша да өзара келісім құжаттарына қол қойды.
Форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен бірге адам капиталының дамуы тақырыбына арналған көрмені тамашалады. Оларға қазақстандық және ресейлік білім жүйесінің экспозициясы ұсынылды. Көрме аясында Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-Инновация» ХҚҚ, Bilim Media Group ЖШС, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ақпараттық технологиялар халықаралық университеті, Алматы Менеджмент университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақ-британ техникалық университеті, т.б. оқу орындарының жобалары ұсынылды.
aikyn.kz