Елеусіздеу ерлер бар арамызда...
Қазақ халқының тарихында ерекше атаулы күндер бар. Олар зор мәнге ие. Мәселен, егемен елдің ұраны, жаршысы болған 16 желтоқсан, «Тәуелсіздік күні» – әр қазақ үшін қымбат, қастерлі. Сондай мәңгі ұмытылмас күндердің бірі – Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол 7 сәуір. Дәл осы күні, 1995 жылы ел үшін кеудені оққа тосқан қазақстандық ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған моджахеттермен кескілескен сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 34-і түрлі деңгейде ауыр жарақаттар алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық парызымыз.
Тәжік-ауған шекарасындағы сол қаралы оқиғаға биыл 23 жыл толып отыр. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз айқын басымдықпен тойтарыс танытқан жауға барынша төтеп беріп, жауынгерлік борыштарын өжеттікпен өткерді. Елімізде 7 сәуір – Қазақстанның көптеген әскери бөлімдерінде, «Тағзым алаңдарында», білім ошақтарында «Ерлік күні» болып аталып өтіп келеді.
1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Қазақстанның мемлекетаралық келісім-шарттарына сәйкес, ҚазБат құрамы - ІІМ Қарулы күштерінің бөлімшелері, ішкі әскерлері және ҰҚК шекаралық қызметі тәжік-ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын бөлігінің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты – жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін тәжік-ауған шекарасындағы
ахуалды ретке келтіру, сонымен қатар, гуманитарлық көмек тауарларының және босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау еді.
Ауған-тәжік шекарасына аттанған сарбаздар Қазақстан егемендік алғаннан кейін сыртқа шыққан алғашқы әскер. 1993-2001 жылдары аралығында 8 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында Қазақстаннан 17 батальон аттанып, содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда, 32 қазақстандық сарбаз қаза тапты, көпшілігі жарақат алды. Осы жылдар ішінде 8,5 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер тәжік жерінде борышын өтеді.
Шекараны бұзушы қарулы топтармен қақтығыс барысында, заставаға бандиттік шабуыл, қазақстандық контингент құрамымен терактілер және диверсиялар нәтижесінде көптеген адам шығындары болды. 1995 жылдың 7 сәуіріндегі Пшихавр шатқалындағы қанды қырғын кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы ротасының 17 әскери сарбазы қаза тауып, 34 сарбаз ауыр жараланды. Ал моджахедтер Тәжікстан аумағына кіре алмады. Осы ұрыста шейіт болған 17 сарбаздың ішінде жерлесіміз Ержан Әбдиев те бар еді. Соғыс ресми түрде 1998 жылы аяқталғанымен, қазақ жауынгерлері 2001 жылға дейін шекара күзетінде тұрды.
Өз отанынан шалғайдағы өзге елдің шекарасын күзете жүріп, жанын пида еткен сарбаздар Тәуелсіз Қазақстанды экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатерінен қорғағандығын терең түсінуіміз керек. Олар еліміздің қауіпсіздігін сақтады, тәуелсіздігіміздің нығаюы жолына өз өмірлерін арнады.
Осыған орай, Қазақстандық жауынгерлердің тәжік халқына деген баға жетпес көмегі үшін, 2007 жылы Душанбе қаласында қазақ сарбаздарының ерлігін дәріптейтін үлкен монумент орнатылды. Дәл осындай тағзым алаңдары мен ескерткіш-монументтер Астана қаласынан бастап, Қазақстанның көптеген облыс орталықтарында да бар.
Батырларымызды ұлықтау халқымыздың салты. Біз еш уақытта ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз керек. Қайта сол ерлердің ерлік істерімен жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелей білуіміз керек. Бүгінгі күні ауданымызда «ҚазБат» жауынгерлік іс-қимыл және бітімгершілік операцияларына қатысқан 41 ардагер бар.
Төбемізде мәңгілік бейбіт аспаны орнап, бала жылап, ата-ана қайғырмасын деп тілеймін. Отан үшін, ел үшін опат болған жаужүрек аталарымыз бен берідегі батыл жігіттеріміздің қай-қайсы болса да батыр атағына лайық. Олардың рухтарына мың тағзым !!!
Бекболат Әбуов,
«ҚазБат» ардагері.