ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ
Адамзат тарихында әрбір халықтың тағдырын айқындайтын, мемлекет дамуының бағытын белгілейтін құжаттар болады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Конституция. Ол жай ғана заңдар жиынтығы емес, ұлттың рухын, елдің мұратын, халықтың арман-аңсарын бойына жинаған қасиетті құжат. Конституция – мемлекет өмірінің алтын қазығы, қоғамдық қатынастардың берік тұғыры, тәуелсіздіктің темірқазығы.Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан өркендеудің, жаңғырудың және дамудың түрлі кезеңдерін бастан өткерді. Уақыт өткен сайын қоғам өзгерді, азаматтардың сұранысы артты, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа талаптар қойылды. Осындай тарихи қажеттіліктің нәтижесінде Конституцияға өзгерістер енгізіліп, жаңа саяси реформалардың негізі қаланды. Бұл – ел өміріндегі маңызды бетбұрыс, болашаққа бағытталған батыл қадам болды.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – халық мүддесін бәрінен жоғары қоюында. Өйткені мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың пікірін ескеру, заң алдында теңдігін қамтамасыз ету – Ата Заңның негізгі қағидаттарының бірі. Бүгінде әрбір қазақстандық өзінің тағдырына, ел болашағына жауапты тұлға ретінде қарастырылады. Бұл – демократиялық қоғамның ең маңызды белгісі.
Бүгінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау үстінде. Қоғамдық пікір алаңдарында, сарапшылар ортасында, еңбек ұжымдарында қызу пікір алмасу жүріп жатыр. Бұл – азаматтық қоғамның кемелденгенінің белгісі. Себебі Ата Заңның әрбір бабы әр азаматтың тағдырына тікелей қатысты.
– Елдің шынайы жаңаруы саяси ұраннан емес, құқықтық іргетасымызды жаңаша қалыптастырып, бекітуден басталады. Біз бір ел, бір жұрт болып осы аса маңызды жұмысқа кірістік. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр бабы, әр тармағы елдігімізді нығайта түседі, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумда.
Конституциялық реформалар елдегі билік тармақтарының қызметін жетілдіруге, олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталды. Әділеттілік қағидаты мемлекеттік басқарудың басты ұстанымына айналды. Заң үстемдігі нығайып, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері қалыптасты. Мұның бәрі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға қызмет етеді.
Жаңа Конституция – халықтың үніне құлақ асатын мемлекеттің жарқын көрінісі. Бүгінгі таңда азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, өз пікірін ашық білдіруіне кең мүмкіндік берілуде. Өйткені дамыған елдің тірегі – белсенді азаматтық қоғам. Ел тағдырына бейжай қарамайтын, өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар ғана мемлекет дамуына үлес қоса алады.
Ата Заңдағы өзгерістердің тағы бір маңызды қыры – әлеуметтік әділеттілікті нығайту. Әрбір адамның білім алуға, еңбек етуге, денсаулығын сақтауға және әлеуметтік қолдауға деген құқығы мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Әлеуметтік мемлекет құру жолындағы бұл ұстанымдар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Конституцияның әрбір бабы – елдің ертеңіне салынған инвестиция. Онда бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақ буынның да мүддесі қамтылған. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – өз мемлекетіңді құрметтеу, туған еліңнің тағдырына жауапкершілікпен қарау деген сөз. Заңға бағынған жерде тәртіп болады, тәртіп бар жерде тұрақтылық болады, ал тұрақтылық бар жерде даму мен өркендеу болады.
Бүгінгі Қазақстан – жаңару жолына түскен мемлекет. Ел өміріндегі ауқымды реформалар, қоғамдық өзгерістер мен жаңа бастамалардың бәрі Конституциямен тығыз байланысты. Өйткені кез келген өзгерістің құқықтық негізі болуы қажет. Жаңа Конституция осы міндетті абыроймен атқарып, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – еліміздің жаңа даму дәуірінің берік іргетасы. Ол әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған тарихи құжат. Бұл – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, мемлекетіміздің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің жүрегі. Оның әрбір тармағында халықтың үні, елдің мұраты, болашақтың жарқын бейнесі жатыр. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Біз Ата Заңды ардақтаған сайын мемлекетіміз нығайып, тәуелсіздігіміз тұғырлы бола түседі. Ал жаңа Конституция Қазақстанды әділетті, қуатты және өркендеген мемлекетке бастайтын сенімді жол болып қала береді.
Сәрсенкүл Амангелдіқызы ,
Шиелі аудандық мемлекеттік қазынашылық басқарма басшысы







