Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛЫ ҚҰЖАТ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛЫ ҚҰЖАТ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Тарихта ұлттың бағытын айқындайтын кезеңдер болады. Ондай сәтте қабылданатын шешімдер бір буынның ғана емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер етеді. Конституцияны жаңарту – дәл сондай стратегиялық маңызы бар қадам. Бұл заң баптарын өзгерту емес, мемлекеттің философиясын айқындау.
Әлбетте, ел дамуының жаңа кезеңінде қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын ауқымды өзгерістердің өзегі – Ата Заң. Осы тұрғыда «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық коалициясының мүшелері өңірлерде халықпен кездесіп, жаңартылған Конституция жобасының мазмұнын кеңінен түсіндіруде.
Коалиция мүшелері, соның ішінде Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов, аумақтық коалиция жетекшісі Мұрат Тұрабаев және қоғам белсенділері Өркен Исмаил, Жібек Баймұратова, Әбдімомын Алдияров, Болат Сүлейменов, Асылхан Өмірәлиев, Бекзатхан Бауыржанұлы, Нұргүл Шалекеева, Нұрболат Пірімбет түрлі аудиториямен мазмұнды кездесулер өткізді. Бұл басқосулар ел болашағын айқындайтын құжатты талқылаудың шынайы алаңына айналды.

АУЫЛДАН БАСТАЛҒАН АШЫҚ ДИАЛОГ
Кездесу алдымен Еңбекші ауылы тұрғындарымен жүздесуден басталды. Ауыл халқы жаңартылған Конституция жобасының негізгі бағыттарымен танысып, онда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалғанына ерекше назар аударды.
Мұрат Әбенов өз сөзінде жаңа жобада егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім мемлекет іргетасының берік негізі ретінде нақты көрсетілгенін жеткізді.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген қағидаттың айқын жазылуы – ел тарихындағы маңызды саяси қадам. Бұл тек құқықтық нормалардың жаңаруы ғана емес, мемлекеттік сананың жаңғыруы. Конституция жобасы кең талқылаудан өтіп, түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданбақ. Демек, әрбір азамат ел болашағына тікелей үлес қоса алады.
Одан кейінгі кездесу Жиделіарық ауылы тұрғындарымен өтті. Мұнда да ашық пікір алмасу өрбіді. Қатысушылар қазіргі геосаяси ахуал жағдайында Ата Заңды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Конституциядағы өзгерістер заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғаны жан-жақты түсіндірілді.
Жаңа жобаның басты ұстанымы – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағида. Бұл – әділетті қоғам құрудың іргетасы.

ЖАСТАР – ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Коалиция мүшелері Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі студенттерімен де кездесті. Жастармен еркін форматта өткен басқосуда Конституция жобасында қарастырылған білім алу, еңбек ету, кәсіпкерлікпен айналысу және қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысу мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Мархабат Жайымбетов жастардың ел болашағын айқындайтын негізгі күш екенін атап өтіп, жаңа Конституция олардың әлеуетін толық ашуға конституциялық негіз қалыптастыратынын жеткізді. Жастардың бастамаларын қолдау, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне тарту – жаңа реформалардың маңызды бағыты.
Кездесу барысында студенттер өз ұсыныстарын айтып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ашық диалог – демократиялық қоғамның басты белгісі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

МӘДЕНИЕТ – ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ТІРЕГІ
Конституциялық реформаларды түсіндіру жұмыстары мәдениет саласы өкілдерімен де жалғасты. «Руханият» орталығында өткен кездесуде ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.
Спикерлер жаңа Конституция жобасында рухани құндылықтарды дәріптеу мен мәдени мұраны қорғауға ерекше мән берілгенін атап өтті. Ұлттық мәдениет – елдің бірегейлігі мен тұтастығының кепілі. Заң үстемдігі мен азаматтық қоғам институттарын нығайту мәдениет саласының дамуына да тың серпін береді.
Мәдениет қызметкерлері өз ұсыныстарын ортаға салып, қоғамдағы рухани жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтті. Себебі рухани негізі мықты мемлекет қана бәсекеге қабілетті бола алады.

ТАЛҚЫЛАУДАН ТАРИХИ ШЕШІМГЕ
Өңірде өткен кездесулердің барлығы бір ортақ мақсатқа қызмет етеді. Ол – жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа түсіндіру және ел болашағына қатысты ортақ жауапкершілікті қалыптастыру.
Жаңартылған Ата Заң – саяси реформалардың қорытындысы ғана емес, жаңа мемлекеттік даму дәуірінің бастауы. Онда әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау секілді қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілген. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын нақты қадам.
Ең бастысы – бұл құжат халықтың еркін білдіретін, әр азаматтың тағдырына тікелей қатысты тарихи шешім. Сондықтан ­Конституцияны талқылау – формалды науқан емес, елдік маңызы бар ортақ іс. Ауыл тұрғындарынан бастап жастар мен мәдениет қызметкерлеріне дейінгі түрлі әлеуметтік топтың белсенді қатысуы – қоғамның саяси санасының өскенін көрсетеді. Халықтық ­Конституция идеясы ел ішінде кең қолдау ­тауып, әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолындағы маңызды белеске айналып отыр.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
20 ақпан 2026 ж. 67 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728