КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – ХАЛЫҚ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық коалициясының мүшесі Мұрат Әбенов Жиделіарық ауылында жергілікті тұрғындармен мазмұнды кездесу өткізді. Жиынға аумақтық коалиция жетекшісі Мұрат Тұрабаев және коалиция мүшелері Өркен Исмаил, Жібек Баймұратова, Абдумомын Алдияров, Болат Сүлейменов, Асылхан Өмірәлиев, Бекзатхан Бауыржанұлы қатысып, ауыл азаматтарымен еркін форматта пікір алмасты.Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңартылған жобасын жан-жақты талқылап, оның қоғам дамуына ықпалына тоқталды. Әсіресе, қазіргі геосаяси ахуал жағдайында Ата Заңды жаңғыртудың маңыздылығы, саяси реформаларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, Конституциядағы өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталғаны айтылды.
Жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасында мемлекет адам үшін қызмет ететін болады. Оның негізгі ұстанымы айқын адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру басты басымдық ретінде белгіленген. Сонымен қатар, Конституция ұлттық мәдениетті сақтау мен тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға тікелей кепілдік береді. Бұл қағидаттар еліміздің рухани тұтастығын нығайтып, әділетті әрі жауапты мемлекет құруға берік негіз қалайды, – деді коалиция мүшесі Мұрат Әбенов. Жиын барысында, коалиция мүшелері сөз алып, бастаманы қолдайтынын білдірді. Ақсақалдар бірлік пен ынтымақтың маңызын атап өтіп, ел дамуына бағытталған игі іске сәттілік тіледі.







