Ел дамуының жаңа парағы
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтпек. Ата Заң – кез келген елдің құқықтық, саяси және қоғамдық өмірінің негізі. Сондықтан оны жаңарту мәселесі бүкіл халықтың тағдырымен тікелей байланысты.Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған бұл референдум қоғамда кеңінен талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық деңгейде қабылдауға бағытталған. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиға. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілген.
Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Сол өзгерістердің заңдық және институционалдық негізін бекіту үшін Конституцияны жаңарту қажеттілігі туындады. Жаңа Ата Заң жобасы – осы реформалардың логикалық жалғасы.
Құжатты әзірлеу барысында қоғамның түрлі өкілдерінің пікірлері ескерілді. Сарапшылар, заңгерлер, азаматтық сектор мен қарапайым тұрғындар ұсыныстарын ашық білдірді. Мұндай кең ауқымды диалог «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Ел болашағы – ортақ жауапкершілік. Конституцияға қатысты шешім қабылдау әр азаматтың саналы таңдауына байланысты. 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум ел дамуының келесі бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ.
Құттықыз ЫХАНОВА,
мәдениет саласының үздігі
мәдениет саласының үздігі







