Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам пікірі ескерілді: аудан әкімі ардагерлер алқасымен кездесті

Қоғам пікірі ескерілді: аудан әкімі ардагерлер алқасымен кездесті

Жақында аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген ардагерлер кеңесінің алқа мүшелерімен кездесті. Маңызды басқосуда Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың маңызы жан-жақты талқыланды.
Кездесуде аудан әкімі Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында жариялаған ел дамуына бағытталған бастамаларына кеңінен тоқталды. Құрылтайда көтерілген міндеттерді іске асыру мақсатында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның алғашқы отырыстары өткенін атап өтті.
Айтбай Насриддинұлының айтуынша, жаңартылған Конституция жобасы 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Сонымен қатар «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, тағы 4 бөлімнің атауы өзгертілген. Жалпы Ата заңның барлық бөлімін қамтыған өзгерістер мен толықтырулар 77 бапқа енгізіліп, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды.
– Ұсынылып отырған өзгерістер – ел дамуы үшін маңызды әрі ойластырылған қадам. Олар құқықтық жүйені жетілдіріп, Конституцияның сапасын арттыруға бағытталған, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында Ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері де өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен ­Исмаил конституциялық реформалардың қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістер халықтың сұранысына сай екенін атап өтті. Оның айтуынша, ардагерлер қауымы ел болашағына бейжай қарамай, мемлекеттік маңызы бар бастамаларды әрдайым қолдайды.
Сонымен қатар басқосуда Әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Әбілқасымқызы да сөз алып, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға оң әсер ететінін жеткізді. Ол өз ұсыныстарын айтып, қоғам пікірінің ескеріліп отырғанына ризашылық білдірді. Басқосу мазмұнды пікір алмасу форматында өтіп, өзара түсіністік пен жауапкершілік рухында қорытындыланды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
09 ақпан 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728