Мәслихат сессиясында өңірді дамыту мәселесі талқыланды
Апта басында аудандық мәслихаттың кезектен тыс жиырма бесінші сессиясы өтті. Депутат Е.Жеңсікбаев төрағалық еткен жиында, алдыңғы қабылданған шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сессияға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, аудан әкімнің орынбасарлары, ауыл әкімдері, дербес мекеме басшылары қатысты.
Бірінші болып баяндама жасаған ауданның бас экономисі М.Мақаш Шиелі кентімен бірнеше ауылдардың 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттеріне бірқатар өзгерістер енгізу керек екендігін айтты. Енгізіліп отырған толықтырулар бірқатар әлеуметтік нысандарға, жаңа жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Бюджеттік бағдарлама аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелілігін айқындайды. Әрі қарай екінші және үшінші мәселе бойынша Ғ.Аманжолов жаңадан ашылған атауы жоқ көшелерге Қазбек Оспанов пен Мұстафа Сыздықовтың есімін беру туралы хабарлама жасады. Аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров Шиелі кентінің бас жоспарына өзгеріс енгізу жөнінде және Жақаев саябағы жанынан балалардың тынығу лагерін орналастыруды баяндады.
Сессияның қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Жиынды аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қорытындылап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономикамызды көтере түсуге бағытталған мақсаттар жүйелі жүзеге асып келе жатқандығын тілге тиек етті. Алдағы атқарылар толағай жұмыстарды назарға салып, тапсырмаларды тиісінше орындауды нақтылады.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.