Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАС ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЛЫНДЫ ӨНЕР

ЖАС ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЛЫНДЫ ӨНЕР

Сахна – сезімнің мекені. Ал сол сахнаға жан бітіріп, көрермен көңілін баурайтын өнер иесі болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Осындай өнерге адалдықты серік етіп, мәдениет майданының бел ортасында қалыптасып келе жатқан жас таланттың бірі – Нұрдар Қайымназаров.
Ол 2002 жылдың 27 шілдесінде Шиелі кентінде дүниеге келді. Балалық шағынан өнерге жақын болып өскен Нұрдардың шығармашылыққа деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан-ақ айқын байқалды. 2008 жылы №45 Ақ-Орда мектеп-гимназиясының табалдырығын аттап, сол білім ордасында тәлім алып, 2019 жылы мектепті сәтті тәмамдады.
Жүрегіндегі өнерге деген құштарлық оны үлкен арман жолына бастады. 2020 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Кино және театр әртісі» мамандығына оқуға түсіп, шығармашылық әлемнің қыр-сырын терең меңгерді. Университет қабырғасында жүріп-ақ тек актерлік шеберлікпен шектелмей, сахна мәдениеті мен кино өндірісінің көркемдік бағыттарына да ден қойды.
–2023-2024 жылдары Алматы қаласында кино саласы бойынша түрлі продюсерлік орталықтарда еңбек етіп, шығармашылық тәжірибемді шыңдадым деу­ге болады. Атап айтқанда, «Dastan Media», «Aron Cinema» секілді орталықтарда қоюшы-суретші ретінде сахна сыртындағы үлкен шығармашылық процестің бел ортасында жүрдім. Бұл кезең менің кәсіби тұрғыдан қалыптасуыма, өнерге деген көзқарасымның тереңдеуіне үлкен әсер етті. Дегенмен жүрек түкпіріндегі басты мақсат – туған жерімнің мәдениетіне титтей болса да өз қолтаңбамды қалдыру еді, – дейді жас талант.
Бүгінде Нұрдар туған жерге оралып, өнер арқылы ел мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып келеді. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап «Арман мәдениет үйі» КМҚК ұжымында аккомпаниатор әрі актер болып еңбек етеді. Мәдениет үйіндегі түрлі шаралардың бел ортасынан табылып, көрермен ықыласына бөленіп жүрген жас өнерпаз сахнада өзін еркін ұстайтын жүргізуші ретінде де танымал. Оның қоңыр үні мен сөз саптауы, көркем тілмен өрілген жүргізу мәнері көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді.
Нұрдар тек орындаушы ғана емес, жас буынға бағыт-бағдар беруші ұстаздық қырынан да ерекшеленеді. Қазіргі таңда «Аманат сахналық қойылым және көркемсөз» оқу үйірмесінің жетекшісі ретінде шәкірт тәрбиелеуде.
Талант – еңбекті сүйген жанға ғана серік болады. Нұрдардың ізденісі мен шығармашылыққа деген адалдығы оның жетістіктерінен анық көрінеді. Өткен жылы «Маржан сөз, қоңыр үн» облыстық концерт жүргізушілер конкурсында, «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін…» көркемсөз оқу шеберлері байқауында өз өнерін паш етіп, көрерменнің көңілінен шыға білді. Ал «Абай әлемі» облыстық көркемсөз оқу шеберлері байқауында ІІ орын алып, өзінің өнердегі қарымын дәлелдеді.
Жастық жігері мен шығармашылық талпынысы қатар өрілген Нұрдар Асқарұлы – өнерге шынайы берілген буынның жарқын өкілі. Оның сахнадағы әр қадамы, көркем сөзге деген құрметі мен мәдениетке деген жанашырлығы – болашақта биік белестерді бағындыратынына сенеміз. Себебі сахна шымылдығы түрілген сайын шабытын серік еткен жас таланттың алар асуы әлі алда.

Г.ЯХИЯ
08 маусым 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930