Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай өмірден өтті

Еліміздің еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай өмірден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері Аралбай Төлеубек Мұхамеджанұлы өмірден өтті.

Қаралы хабарды Әуезов атындағы театрдың баспасөз қызметі жеткізді.
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, театр және кино актері Аралбай Төлеубек Мұхамеджанұлы өмірден өтті. Өнер майталманы болған дара тұлғаның қазасына байланысты отбасы мен жақындарына, әріптестері мен күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз. Дара талант есімі қазақ өнерінде алтын әріптермен жазылып қалмақ, - делінген театрдың Instagram парақшасында жариялаған жазбасында.
Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Өнерге құштар ол бала кезінен-ақ қаладағы Пионерлер Сарайының  драма үйірмесіне қатысты. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты В.Мейерхольдтің шәкірті, репрессияға ұшырап, Семейге айдалып келген режиссер  И.Вишневский болды. 
1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы рөлдерін орындады. 

1970-1973 жылдары  әскери борышын өтеген соң Қазақ Мемлекеттік  М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, белгілі сахнагер Р.Сейтметовтің класынан 1975  жылы бітіріп шығады да, Көркемдік кеңестің шешімімен қарашаңырақ театрдың актерлік тобына қабылданады. 
Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ қатысқан оның алғашқы рөлі О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы жігіт еді. Содан бері өткен қырық екі жыл ішінде ол сахнаның үлкен шеберіне айналды.
20 қаңтар 2022 ж. 636 0