ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН ЕҢБЕК
Жуырда Жиделіарық ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен «Қызыл Ту» орденінің иегері, еңбек ардагері Ержігіт Әміровты еске алуға арналған «Еңбегі ерен Ержігіт» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті.Аталған шараның басты мақсаты – еңбегімен елге танылған Ержігіт Әміровтің өнегелі өмір жолын, ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ұлықтау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, поэзия арқылы ұлттық құндылықтар мен еңбек адамының бейнесін дәріптеу.
Ержігіт Әміров 1936 жылы қасиетті Шиелі ауданы, Қызылқайың ауылында дүниеге келеді. Оның балалық шағы мен есейген кезеңі ел басына түскен қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келсе де, бойындағы қайрат пен жігер оны ерте шыңдады. Өмір табалдырығын аттаған бала Ержігіт өзінің алғашқы білім нәрімен сусындап, туған жері Қызылқайың ауылындағы жеті жылдық мектептің алтын ұясында қанат қағады. Дәл осы қара шаңырақ оның бойына зеректік пен парасаттылықты ұялатқан білім бесігі еді. Мектеп қабырғасын бітіріп арман қуған жылдарында Шиелі өңірінің құт-береке дарыған, топырағы киелі Жиделіарық ауылына қоныс аударады. Бұл мекен – жас Ержігіттің өмірлік мұратына жол ашқан, маңдай терімен тарихын жазатын құтты қонысына айналады. 1955 жылы жергілікті колхозда еңбек жолын бастайды. Жұмысшы болып жүрген жалынды жастың еңбек сүйгіштігін, іске деген адалдығы мен жауапкершілігін көрген колхоз басшылары арнайы жолдамамен Қызылорда училищесіне оқуға жібереді. Атаулы оқуды бітіріп келген соң туған жерге деген перзенттік парызын өтеуге білек түре кіріседі. Ол колхозда алпауыт тракторды тізгіндеп, дала төсін дүбірге бөлейді. Шеке солқылдатқан шілденің шіліңгірінде де тынбай еңбек етіп, тракторының доңғалағы тимеген жері қалмаған Ержігіт атамыз жер емген еңбек адамына айналады. Ол өз ісінің нағыз шебері, маңдай терінің адал бейнетін сіңірген халықтық жұмысшы дәрежесіне көтерілді. 40 жылға жуық трактордан түспеген еңбек ардагері 1985 жылы партия таңдауымен Мысырға барғандардың қатарында болады. Осылайша үкімет оның өлшеусіз еңбегін елеп, мемлекет тарапынан ең жоғары құрмет көрсетіп омырауына «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағады.
Ержігіт Әміровтың өмір мектебіндегі ең үлкен мақтаныштарының бірі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты күрішші, дала академигі Ыбырай Жақаевтан тікелей тәлім алуы еді. Ол атақты Жақаевшылардың белсенді мүшесі болып, ұлы ұстаздан алған тәлімі мен өнегесін іс жүзінде дәлелдеді. Жыл сайын астық бастыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, ауданның екі дүркін чемпионы атанады. Оның атағы Шиелі өңірінен асып, Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне дейін жетеді. Мәскеу төрінде кеудесіне күміс және қола медальды жарқырата таққан Ержігіт Әміров дала мектебінің түлегі болса да, руханияттан, кітаптан ешқашан алшақ кетпеген жан еді. Ол бос уақытында ақындардың отты жырларын жатқа оқып, қолына сырнайын алып, әсем ән салатын. Осылайша, еңбекте ғана емес, өнерде де сегіз қырлы, бір сырлы нағыз азаматтың үлгісін көрсетті.
Ержігіт Әміровтың өміріндегі ең үлкен бақыты, оның берік те берекелі отбасы. 1960 жылы шаңырақ көтеріп өмірлік серігі, өнегелі отбасының алтын діңгегі, берекесі мен мерекесі болған жары Мархаббат анамыз екеуі қол ұстасып, үлкен әулеттің негізін қалады. Олар 3 ұл мен 7 қызды өмірге алып келіп, әрбір перзентін адалдыққа, имандылыққа және еңбекқорлыққа баулып тәрбиеледі. Бүгінде сол ұл-қыздарынан өрбіген 43 немере мен 76 шөбере Әміровтер әулетінің тамырын тереңге жайып, үлкен бір алып бәйтерекке айналдырды. Қазіргі таңда әулеттің әрбір ұрпағы Ержігіт атаның есімін мақтанышпен атайды, оның қалдырған адал жолы мен өнегелі ісін жалғап келеді.
Мүшайраға облыстың түпкір-түпкірінен келген 10 жазба ақын қатысты. Олар өз шығармаларында еңбек ардагерінің өмір жолын, адамгершілік қасиеттерін, елге сіңірген еңбегін жырға қосып, өлең өнерінің өрісін танытты. Әрбір өлеңде адал еңбектің қадірі, туған жерге деген сүйіспеншілік, ардагерге деген құрмет сезіліп тұрды.
Жиделіарық ауылында өткен жыр додасында қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Қызылорда қаласынан келген Ғабит Кәдірбай мен жерлесіміз Аружан Оралбай еншілесе, ІІ орынды қызылордалық ақын Ұлықбек Бекұзақұлы қанжығасына байлады. І орынға сырдариялық Ақерке Балманова лайық деп танылса, бас жүлде қазалылық Ақжол Түменбайға бұйырды. Өзге қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Өскен өңір» ақпарат






