ЖОЛДАУ ЖҮГІ САРАЛАНДЫ
Қоғамның дамуы мен мемлекеттің кемел келешегі жолында айқындалған әрбір міндеттің астарында халықтың үміті, елдің мүддесі мен ұлттың болашағы жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттерді саралап қана қоймай, ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын стратегиялық бағдар. Ондағы басым бағыттарды терең түсініп, әрбір бастаманың өміршеңдігін бағамдау – баршаға ортақ жауапкершілік. Осы мақсатта «Арман» мәдениет үйінде республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен мазмұнды кездесу өтті.Оған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Айдарбек Қожаназаров, энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев бастаған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысты. Сондай-ақ шараға ауданның ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және белсенді аудан тұрғындары келіп, мемлекеттік маңызы бар құжаттың мазмұнын бірге талқылады. Жиын барысында Президент Жолдауында көтерілген ел дамуының өзекті мәселелері мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық басым міндеттер жан-жақты сөз болды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жолдаудың әрбір тармағының маңыздылығына терең тоқталып, олардың мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуіне тигізер оң ықпалын түсіндірді.
Жиында Жолдау жан-жақты сараланды. Бұл ретте ең алдымен шикізаттық тәуелділіктен арылып, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты экономика құру басты талап ретінде қойылды. Сонымен қатар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және заманауи талаптарға сай жаңа қуат көздерін игеру мәселелері жіті пысықталды. Заман көшінен қалмау үшін өндіріс пен басқару жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні батыл енгізу қажеттігі де атап өтілді. Мұнымен қоса, аграрлық сектордың әлеуетін толық пайдаланып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және өнімділікті көтеру жолдары сөз болып, жалпы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамалардың жүзеге асу барысы қаралды.
Басқосу тек баяндама тыңдаумен шектелмей, кері байланыс форматында жалғасты. Кездесу соңында ашық пікір алмасу алаңы құрылып, аудан тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Көтерілген мәселелер мен түйткілдерге республикалық топ мүшелері мен жергілікті билік өкілдері тарапынан нақты жауаптар беріліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Бұл халық пен билік арасындағы диалогтың нығая түскенін және мемлекеттік саясаттың әрбір азаматқа түсінікті әрі қолжетімді екенін көрсетті.
Жолдау – бұл тек қағаздағы жоспар емес, әрбір қазақстандықтың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан нақты қадам. Ауданда өткен бұл маңызды кездесу Жолдау қағидаттарын халық арасында насихаттаудың, ел бірлігі мен сана-сезімін жаңғыртудың жарқын үлгісіне айналды. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды шаралар өңірдің экономикалық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға өз үлесін қоса бермек.
С.МАДИЯРОВА






