Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮРЕК КӨЗІМЕН ӘЛЕМДІ ТАНЫҒАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

ЖҮРЕК КӨЗІМЕН ӘЛЕМДІ ТАНЫҒАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай Шиелі аудандық Руханият орталығында тағылымы мол мерекелік кеш өтті. Ізгілік пен жанашырлықты ту еткен шараның басты мақсаты – көру қабілеті бұзылған жандарға құрмет көрсету, олардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру және өнеріне қолдау білдіру.
Мерекелік басқосудың шымылдығын аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Дәулет Баймағанбетов, Отбасы орталығының басшысы Ержан Жорабеков және Зағиптар қоғамының Шиелі ауданы бойынша өкілі Бақтыгүл Іргебаева ашып, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады. Олар өз сөздерінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету, олардың қоғамдағы орнын айқындау және әрдайым жанашырлық таныту маңызды екенін атап өтті.
Кеш барысында «Арман» мәдениет үйі мен аудандық орталық кітапхана қызметкерлері бірлесе әзірлеген мерекелік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Әсем ән мен әуезді күй, жүрекке жылы тиетін өнер көрсетілімдері кештің мазмұнын байыта түсті.
Шараның ерекше тұсы – Зағиптар қоғамының мүшелері де өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Өнерпаздар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, өнерге деген құштарлықтың ешқандай кедергіге бағынбайтынын көрсетті. Қатысушылардың өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кештің әсерін арттыра түсті.
Мерекелік бағдарлама аяқталған соң басқосу арнайы жайылған дастархан басында жалғасын тапты. 50 адамға арналған ақ дастархан басында қатысушылар өзара пікір алмасып, мерекелік көңіл күймен жүздесті. Бұл да болса, қоғам мүшелерінің бір-біріне деген құрметі мен қамқорлығының айқын көрінісі болды.
Айта кетейік, Зағиптар күніне орай ұйымдастырылатын мұндай игілікті шаралар демеушілердің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл – қайырымдылық пен адамгершілікті ұлықтаған, қоғамдағы ынтымақ пен жанашырлықты нығайтатын жақсы бастама.
Шын мәнінде, адамға құрмет көрсету үшін оның көзіне емес, көңіліне қарау керек. Осындай тағылымды кездесулер әрбір жанның қоғамда өз орны бар екенін сезіндіріп, мейірімділік пен ізгіліктің қадірін арттыра түседі.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
17 қараша 2026 ж. 14 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (9454)

17 қараша 2026 ж.

№86 (9453).

14 қараша 2026 ж.

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30