Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамқорлық пен қуанышқа толы күн

Қамқорлық пен қуанышқа толы күн

Қоғамның шынайы құндылығы оның мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсеткен қамқорлығымен өлшенеді. Әсіресе тағдырдың түрлі сынағына мойымай, бір-біріне сүйеу болып жүрген жандардың балаларына қуаныш сыйлау – үлкен ізгіліктің белгісі. Осы ретте «Зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шиелі аудандық филиалы тағы бір игі шараның ұйытқысы болып, бірлестік мүшелерінің балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жақында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы балалардың жүзін шаттыққа бөлеп, жүректеріне ұмытылмас әсер қалдырды. Аудан кәсіпкерлері мен жанашыр азаматтардың қолдауымен өткен мерекеде 20 бала ерекше қуанышқа кенелді. Атап айтқанда, «Флай» ойын-сауық орталығы мен «Береке» маркетінің демеушілігі арқасында балаларға балмұздақ пен түрлі сусындар таратылып, дәмді дас­тархан жайылды. Жүздері балбұл жайнаған балалар ойын-сауық орталығында алаңсыз асыр салып ойнап, қызықты уақыт өткізсе, бүлдіршіндердің шаттығы ата-аналарына да ерекше қуаныш сыйлады.
«Зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шиелі аудандық филиалының өкілі Бақтыгүл Іргебаева мұндай игі шараның жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бірлестік мүшелерінің балаларына қуаныш сыйлау – ұйымның қалыптасқан дәстүрлерінің бірі. Сонымен қатар ол қайырымдылық ісіне қолдау білдіріп, демеушілік жасаған азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізді.
– Балалардың жүзіндегі қуанышты көру – біз үшін үлкен бақыт. Осындай шаралардың өтуіне қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Бірліктің арқасында көптеген игі бастамаларды жүзеге асырып келеміз. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді ол.
Айта кету керек, зағиптар қоғамында Наурыз мерекесі, Зағиптар күні және Балаларды қорғау күні секілді айтулы даталарды кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналған. Мұндай шаралар ұйым мүшелерінің өзара байланысын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамнан тыс қалмай, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Тағдырлары ортақ жандардың бір-біріне деген жанашырлығы мен қолдауы әрдайым ерекше. Қандай қиындық кездессе де, олар ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында көптеген кедергіні еңсеріп келеді. Осындай ізгі шаралар сол татулықтың, мейірім мен қамқорлықтың жарқын көрінісі іспетті.
Қоғамдағы қайырымдылық пен жанашырлықтың тамыры тереңдей берсе, балалардың күлкісі де, үлкендердің алғысы да таусылмақ емес.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
15 маусым 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930