Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттық сыйлаған шара

Шаттық сыйлаған шара


Өмірге келген әрбір сәби бақытты болуға тиіс. Жаңа жылдық шырша қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балар да ерекше қуанышқа кенелді. Аудандық мәдениет үйінде өткен кешке 60-қа жуық бала жиналды.
Желтоқсан – жетістік пен қуанышқа толы ай. Елбасы күнінен бастау алып, еліміздің ең ұлық мерекесінің бірі Тәуелсіздік күнімен жалғасын тауып, жылдың соңы жаңа жылмен аяқталады. Жыл он екі айдың қорытындысы секілді бұл мереке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әр бір шаңыраққа қуаныш кіргізіп, балаларға шаттық алып келді. Бір адамның езуіне күлкі ұялату үлкен бақыт. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды қуанту ғажап іс. Аталған шараны мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған қойылыммен бастады. Бар баланың қуанышында шек жоқ. Алғы сөзді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сөйлеп, балалардың қалауымен керемет безендірілген шыршаны сиқырлы таяқпен жағып берді. Өнерпаздардың әуезді әні, көз тартар биі ақ көңілді әр үйдің еркелерін шаттыққа бөлеп, мәз-мейрам қылды. Өңір басшысы балаларға өз қолымен сыйлықтарын табыстады. Әрі қарай ерекше балаларды қуанту үшін шыршаны қол ұстасып бірге айналды. Балалар Аяз ата мен Ақшақарды хормен шақырып, жаттап келген тақпақтарын, жыл бойы үйренген өнерлерін ортаға салып, дорба толы сыйлықтарын алды.
Мереке әрі қарай, «Сыр Сұлу» мейрамханасында жалғасын тапты. «Алақай-Нұр» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен қызыққа толы отырысқа жалғасты. Мұнда да мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерімен ата-аналар мен балаларға би билетіп, мерекені қыздыра түсті. Күйші Әділбек Тәшімовтың күйіне тамсанбаған жан қалмады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды көргенде жүрегі жылып, қаншама жомарт жандар жаңа жыл қарсаңында көптеген сыйлықтар жолдады. Атап айтсақ, «Қыдырбай К», жас кәсіпкер Асқар Қыпшақбайұлы, аудандық мәслихат депутаты А.Мақұлбеков, «Ханшайым» дүкенінің иесі Сәбит Ибраев, «Qyzуlorda» телеарнасының директоры Жағыпбар Қарабала, кәсіпкер Ғалымжан Махамбетов сынды қолы ашық азаматтар бүлдіршіндерді түрлі сыйлықтармен қуантты. Аталған шараға үлкен қолдау білдірген «СМП Қызылорда» құрылыс компаниясына мекеме басшылары ризашылығын білдірді. Мұнда 60 балаға дастархан жайылып, түрлі тағамдар ұсынды. Ата-аналар мен балалардың қуанышында шек жоқ. Осы кештің өтуіне мұрындық болған Нүрия Ілиясқызына, «Ақсерен» балабақшасына, «Алақай-Нұр» мекемесіне барлық ата-аналар мен қонақтар, қылығы балдай балалар алғыстарын айтып, жұмысына сәттілік тілеп, келесі белгіленген жерге қарай аяңдады.
Қайырымдылық кеші «KIDS PARK» балалардың ойын алаңында жалғасты. Мұнда да 90-ға жуық балаға түрлі қызықты ойындар ойнатылып, тәттілер ұсынылды. Балалар ит жылын шығарып салып, доңыз жылын көтеріңкі көңілмен күтуде. Біз де доңыз жылынан үлкен табыстар күтеміз.

Бекжан Ержігіт.
30 желтоқсан 2018 ж. 1 398 0