Шектеусіз мүмкіндіктің шекарасы
Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудандық №9 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі мамандары С.Мауенова, Т.Жұмашева, Б.Өтебаева, Б.Сариева, Г.Ахметованың ұйытқы болуымен «Кім жылдам?» спорттық шарасы ұйымдастырылды.
Мұндай жарысты өткізудегі негізгі мақсат – балаларға қуаныш сыйлап, баршаға бірдей мүмкіндікті қамтамасыз ету, қарым-қатынас белсенділігін дамыту және өмірге деген құлшынысты арттыру болып табылады. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балаларға өз қабілеттерін, ептіліктерін оятуға мүмкіндік беру, өзінің қимылдық тәжірибесін пайдалану арқылы алғырлығын, шапшаңдығын, күштілігін, төзімділігін дамыту болды. Шара барысында балалар арасындағы мейірімділік, достық қарым қатынасты нығайту да назардан тыс қалмаған секілді. Өйткені, қатысушылардың жасы шектелмеген.
Алғы сөз алған бөлімше меңгерушісі С.Көшкінбаева сайыстың мақсатын түсіндіріп, ашып берді. «Сұңқар» және «Тұлпар» болып атау алған екі топ «Бой сергіт», «Дәл түсір», «Қолкүрес», «Картоп жинау», «Арқан тарту», «Доппен жүру» деп аталатын 7 тур бойынша бақ сынасты. Спорттың жеңіл түрінен өткізілген сайыс балаларға сол мезеттегі көңіл-күйлерінен қиынға соқпағаны байқалып-ақ тұрды. Сайыс арасында әннен шашу шашылып, би де биленді. Бұл күн – балалар үшін өте көңілді күндердің бірі болғаны анық. Қорытындысында, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер тұрақты демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар алып, шаттыққа бөленді. Жарысты қорытындылаған С.Көшкінбаева мен аудандық №9 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісінің меңгерушісі С.Рахметов балаларға деген ізгі тілегін білдірді. Ерекше ықыласқа бөленген ерекше балалардың қуанышында шек жоқ. Олар осылайша, мүмкіндіктің шекарасы болмайтындығын көпке паш етті. Халқымызда «Бір сәттік мейірім балаларды бақытты етеді» деген даналық бар. Осылайша балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі қалыпты болуы үшін осы іспетті ілкімді істердің аясы тарылмаса екен деген ойымызбен ол ортадан алыстай бердік.
Дина ЖҮСІПОВА.