Арман алаңындағы қуаныш
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінің алаңында «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік шара ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.Мерекелік жиынның ашылу салтанатында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбетова, «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ж.Баймұратова және «ОПРАП Шиелі» филиалының кәсіподақ төрағасы Н.Халық құттықтау сөз сөйлеп, балаларға ақжарма тілектерін арнады.
Іс-шара барысында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және бос уақыттарын қызықты өткізу мақсатында түрлі танымдық әрі көңілді байқаулар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ойшыл балақай» атты дойбы сайысы, «Әрқашан күн сөнбесін» тақырыбында асфальтқа сурет салу байқауы, «Селфи батл» және «Тәтті қылық» атты бейнеролик байқауы өткізілді. Қатысушылар өз өнерлері мен тапқырлықтарын көрсетіп, ерекше белсенділік танытты.
Байқаудың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарды «ОПРАП Шиелі» филиалының кәсіподақ төрағасы Н.Халық пен «Арман» мәдениет үйінің директоры, мәслихат депутаты Н.Шалекеева марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар мерекеге келген барлық балаларға тәтті балмұздақтар таратылып, мәдениет үйінің кино залында балаларға арналған мультфильм көрсетілді. Бұл балалардың мерекелік көңіл-күйін еселеп, жарқын әсерге бөледі.
Балаларға қуаныш сыйлаған шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілік көрсеткен «ОПРАП Шиелі» филиалына және «Аманат» партиясының Шиелі аудандық филиалына қарасты «Атамекен» бастауыш партия ұйымына ұйымдастырушылар ерекше алғыстарын білдірді.
Балалардың күлкісі мен шаттығы жарасқан бұл мереке жас ұрпаққа деген қамқорлықтың айқын көрінісі болды.
Г.Әбдіхани







