Әрқашан күн сөнбесін
Жаз маусымының алғашқы күні, яғни 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Балғын бүлдіршіндер үшін ең қуанышты мерекені тойлауға арналған «Біз – бақытты баламыз» атты салтанатты шара кенттегі М.Шоқай атындағы орталық алаңнан бастау алды.
Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік шарада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Шатыққа толы күннің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты.
Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік шарада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Шатыққа толы күннің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты.
Шара барысында аудан әкімі Нариман Мақұлбеков құттықтау сөз алып, бүлдіршіндерге ыстық лебізін білдірді:
– Балаларымыздың тәрбиесі тал бесіктен басталатыны баршамызға аян. Бүгінгі тұлымшағы желбіреп, гүлдей жайнаған бүлдіршіндеріміздің болашағы үшін баршаңыз отбасында бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларды мейірімділікке, елінің, жерінің патриоты болуға тәрбиелеңіздер. Мұндай тәрбиенің қоғам үшін маңызы зор, – деді аудан басшысы.
Шара барысында балалар арасында «Әрқашан күн сөнбесін» тақырыбында асфальтта сурет салу байқауы өткізіліп, жеңімпаз суретші бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Одан соң аудан әкімі «Сыр ұланы» тынығу жазғы демалыс лагерінің ашылу салтанатына қатысты. Алғы сөзді алған Н.Әскербекұлы оқушыларға сәттілік тілеп, лагерьде көтеріңкі-көңіл күймен демалуларына тілектестігін білдірді.
Салтанатты жиын барысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балғын балаларымызға аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен 50 велосипед сыйға тартылды. Мереке күні ерекше сыйлыққа ие болған бүлдіршіндер шат-шадыман қуанышқа бөленді.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары «Балалардың қауіпсіздігі басты назарда» акциясы аясында жазғы демалыс уақытында төтенше жағдайлар орын алған жағдайда шұғыл түрде жүргізілетін авариялық құтқару жұмыстарымен және арнайы техникаларымен таныстырып, лагерь тынығушыларына тегін балмұздақтар таратты.
Жалпы «Сыр ұланы» балаларды сауықтыру қосымша білім беру орталығы биыл 7 ауысым бойынша жұмыс істеп, әр ауысымда 100 бала қабылдау жоспарлануда. Келетін тынығушылар ауданның 40 мектебі бойынша әлеуметтік жағдайларына байланысты жинақталатын болады.
Мұнда оқушыларға жазғы демалыс уақытын қызықты өткізуге барлық жағдай жасалған. «Көркемсурет», «киімді моделдеу және дизайн», «жас шахматшылар», «халық биі» «теннис», «робототехника» үйірмелері лагерь ұжымымен бірлесіп жұмыс істейді. Әр ауысым бойынша лагерь тынығушылары 1 күндік табиғат аясына саяхатқа шығып, онымен қоса кент әкімшілігіне қарасты «Арман» мәдениет үйімен, спорт кешенімен тығыз байланыста болады. Сондай-ақ уақытты тиімді және қызықты өткізу мақсатында келісімшартпен шомылу орталығына да апарылады.
Балаларды қорғау күніне арналған салтанатты шара жылдағы дәстүр бойынша «Арман» мәдениет үйі мен барлық ауылдық округтерде кеңінен аталып өтті.
Балаларға қамқорлық көрсету, оларға уақыт бөліп, көңілін аулау, құқықтарын қорғау тек белгіленген бір жылда немесе бір күнде емес, әрқашанда назардан тыс қалмауы тиіс.
Гүлхан ЯХИЯ