Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘНГЕ ТОЛҒАН ДАЛА, СӘНГЕ ТОЛҒАН ШИЕЛІ

ДӘНГЕ ТОЛҒАН ДАЛА, СӘНГЕ ТОЛҒАН ШИЕЛІ

Күз – дала еңбегінің қорытындыланып, диқан қауымның жыл бойғы маңдай тері ақталатын мезгіл. Көктемде жерге себілген дәннің күзде алтын астыққа айналуы – тынымсыз тірліктің, кәсіби шеберлік пен табанды еңбектің нәтижесі. Әсіресе ақ күріштің атын асқақтатқан Шиелі үшін алтын күздің орны ерекше. Өйткені бұл өлке – даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың еңбек жолын жалғаған, егіншілік мәдениеті қалыптасқан берекелі мекен.
Осындай еңбектің мерейін асырып, елдің ырысын ұлықтаған Шиелі жұртшылығы 31 қазан күні дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекесін кең көлемде атап өтті. Таңертеңгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен басталған мерекелік шара театрландырылған қойылыммен, еңбек озаттарын марапаттаумен, концерттік бағдарламамен, қазақ күресінен облыстық турнирмен жалғасып, кешкі гала-концерт пен отшашуға ұласты.
Мерекенің мазмұны да ерекше. Ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың туғанына 135 жыл толса, еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Сондықтан биылғы «Алтын күз» мерекесі еңбек дәстүрін дәріптеп қана қоймай, тарихи тұлғалар тағылымын жаңғыртқан маңызды шараға айналды.

«ДАЛА ДӘМІ» – ДАСТАРҚАН БЕРЕКЕСІ
Мерекенің алғашқы шарасы таңғы сағат 08:00-де кенттегі Сапаржай алаңында ұйымдастырылған «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болды. Ерте басталған саудаға аудан тұрғындары көптеп жиналып, жергілікті шаруалардың өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеге 50 жүк көлігімен 140 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Сауда сөрелерінен күріш, ет және балық өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер, бақша дақылдары, бал, ұлттық тағамдар, сүт және кондитерлік өнімдер орын алды. Өнім түрлерінің молдығы мен қолжетімді бағасы тұрғындардың көңілінен шықты.
Жәрмеңкеге келген аудан тұрғыны Гүлмира Сейітова жергілікті өнімдердің мол ұсынылғанына ризашылығын білдірді.
– Осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны өте жақсы. Өзіміздің шаруалар өндірген табиғи өнімдерді қолжетімді бағамен сатып аламыз. Әсіресе күзгі өнімнің молдығы қуантады. Ең бастысы, жергілікті еңбек адамдарының жұмысы бағаланып, халықтың дастарқаны тола берсін, – деді ол.
Расында, жәрмеңке – ауыл шаруашылығының мүмкіндігін танытатын әрі өндіруші мен тұтынушыны жақындастыратын тиімді алаң. «Дала дәмі» атауымен ұйымдастырылған сауда-саттық мерекенің алғашқы күнінен-ақ Шиелінің берекелі тіршілігін көрсетті.

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ, ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ
Жәрмеңкеден кейін мерекелік шара Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионда жалғасты. Мұнда Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына арналған «Жұлдызы жарық Шиелі» атты театрландырылған қойылым ұсынылды.
Қойылымда ұлы диқанның өмір жолы мен еңбек мұрасы сахналық көріністер арқылы бейнеленді.
Қарапайым еңбек адамының табандылығы мен күріш өсірудегі жетістігі, ел тарихындағы орны көрерменге тағылымды түрде жеткізілді. Ыбырай Жақаевтың есімі – Шиелі ғана емес, бүкіл қазақ егіншілігінің тарихымен сабақтасқан ұлы есім. Оның еңбек жолы бүгінгі жас ұрпаққа да үлгі. Театрландырылған қойылымнан кейін салтанатты жиын басталып, жүргізушілер мерекеге жиналған жұртшылықты құттықтады.
Салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Асқар Жұмаділдаев пен Имамзада Шағыртаев, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевқа берілді. Ол аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға ізгі тілегін жеткізді.
Одан кейін ауданның ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерді марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Алғыс хатымен «Әбдіраман» шаруа қожалығының төрағасы Қазыхан Әбдіраман марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатына аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков, «Ержанова» шаруа қожалығының төрағасы Жалғасбек Ержанов, «Белес-Шиелі» ЖШС директоры Нұржан Мақұлбеков және Шиелі кенті әкімінің орынбасары Қайрат Жағыпбар ие болды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік шаруашылықтар да арнайы аталымдармен марапатталды. «І дәрежелі үздік шаруашылық» номинациясы «Бала би-2004» өндірістік кооперативінің төрағасы Пернебай Күзембайға, «ІІ дәрежелі үздік шаруашылық» атағы «Шолпан Ана» шаруа қожалығының төрағасы Қанат Сәулебековке, ал «ІІІ дәрежелі үздік шаруашылық» номинациясы «Жолдасов» шаруа қожалығының төрағасы Еркебұлан Жолдасовқа табысталды.
Сондай-ақ «Озат күріш өсіруші» аталымымен «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының күрішшісі Мұхамбетжан Сексенбай, «Озат комбайншы» номинациясымен «Төңкеріс К» шаруа қожалығының комбайншысы Самат Жаманқараев марапатталды.
Еңбеккерлерге көрсетілген құрметтің тағы бір маңызды тұсы – әлеуметтік қолдау болды. «Шолпан Ана» шаруа қожалығының механизаторы Беркімбай Құдайбергенов пен «Мақсат» шаруа қожалығының өндіріс бригадирі Бауыржан Ташматовқа тұрғын үй кілттері табысталды. Ал «Жолдасов» шаруа қожалығының механизаторлары Серік Асанов пен Бекболат Анапияевқа бір миллион теңгеден қаржылай сертификат берілді. Бұдан бөлек, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаевқа автокөлік кілті тапсырылды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Серік Қожаниязов пен Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарының мерейін асырған шараның маңызын атап өтті. Ал Шиелі ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтанбек Оразымбетов ақ батасын берді.

ӘН МЕН ЖЫРҒА ҰЛАСҚАН МЕРЕКЕ
Марапаттау рәсімінен кейін «Шалқыған ән мен жыр елім, Киелі мекен – Шиелім!» атты аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концерті өтті.
Концерттік бағдарламада Әл-Фараби Бекарысұлы ВИА сүйемелдеуімен өнер көрсетсе, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева «Шиелі-думан» әнін орындады. Дәстүрлі әншілер Нұртілек Ақтаев, Мұхаммедәлі Бекпейіс, Сәбит Әбжапбаров, Нұрберген Оспанов, Әсем Ерболқызы мен Ізбасхан Дәулетхан да көрерменге ұлттық өнердің үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар «Әнге айналған Шиелі», «Қызылорда», «Жақаевшылар маршы», «Сүйінші», «Қазақстан», «Қырманға кел, қалқатай», «Шежірелі Шиелі», «Сарыжайлау» әндері орындалды. «Балауса» триосы, Елдос Сейілов, Бекарыс Бауыржан, Гүлнұр Әбілова мен Гүлсім Тұрсынбек те сахна төрінде өнер көрсетті. Туған жерге арналған әндер мен дәстүрлі өнер үлгілері мерекелік шараның мазмұнын толықтыра түсті.

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ – ҚАЙРАТ ПЕН НАМЫСТЫҢ СЫНАЛАР АЛАҢЫ
«Алтын күз – 2026» мерекесінің бағдарламасында ұлттық спортқа да ерекше орын берілді. Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионда қазақ күресінен облыстық турнир мен түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Қазақ күресі – халқымыздың тарихымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрі. Бозкілемге шыққан балуандар күш-қайраты мен әдіс-тәсілдерін сынға салып, жеңіс үшін бақ сынады. Жанкүйерлер де белдесулерді қызыға тамашалап, өздері қолдаған балуандарға қолдау көрсетті.
Спорттық сайыстар мерекенің мазмұнын байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталды. Еңбек мерекесі аясында ұлттық спорттың насихатталуы – ұрпақ тәрбиесі мен салауатты өмір салтын қалыптастырудың да маңызды бөлігі. Күндізгі бағдарлама аясында арнайы белгіленген киіз үйлерде қонақтар мен тұрғындарға түскі ас берілді.

ШИЕЛІ ДИҚАНДАРЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ – АУДАН БЕРЕКЕСІ
Мерекенің басты мазмұны – ауыл шаруашылығы саласының жылдық қорытындысы мен еңбек адамдарының жетістігі. Шиелі ауданы үшін егін шаруашылығы экономиканың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Аудан бойынша 32 499 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде күріштің көлемі 11 600 гектарды құрады. Күріш алқаптарының әр гектарынан орта есеппен 61,5 центнерден өнім жиналып, жалпы 71 340 тонна Сыр салысы қамбаға құйылды.
Бұл көрсеткішке қол жеткізуде шаруашылық басшыларынан бастап, агрономдар, механизаторлар, сушылар мен егін жинау науқанына қатысқан барлық еңбеккердің үлесі бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, дақыл түрлерін әртараптандыру және өндірістің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.
Осы орайда мерекелік кеште ауыл шаруашылығы саласының түрлі бағытында үздік нәтиже көрсеткен азаматтар мен шаруашылықтар арнайы марапаттарға ие болды.
«Озат инвестор» номинациясы заманауи технологияларды енгізіп, 1000 гектар алқапқа жүгері еккен «Тұқым шаруашылығы» ЖШС-не берілді. «Су үнемдеудегі үздік бастама» аталымымен «Жер Жомарт Д» ЖШС марапатталса, 1000 гектар алқапқа жүгеріні тамшылатып суару әдісімен еккен «Таң LTD» ЖШС «Жүгері өсірудегі заманауи технологияның үздігі» атанды.
Еңбек ардагері Тілеуберген Таңбаев «Озат еңбек ардагері» аталымын иеленді. «Озат агроном» номинациясы «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Қоңыратбай Рахманға, «Озат егіс бригадирі» атағы «Бестам елі» шаруа қожалығының егіс бригадирі Әліхан Досманға берілді. Ортақшыл ауылының тары өсірушісі Нұрлыбек Амангелдиев «Озат тары өсірушісі» атанса, «Халық» фермер қожалығының инженер-механизаторы Алмат Әбдіқадиров «Озат инженер-механизатор» номинациясымен марапатталды.
Сонымен қатар «Озат жаткист» аталымы «Мақсат» шаруа қожалығының жаткисті Ерасыл Абызбаевқа, «Озат су маманы» атағы «Бидайкөл» шаруа қожалығының сушысы Әділбек Жұмабаевқа табысталды. «Ақмая» шаруа қожалығының бидай өсірушісі Қанат ­Арстанов «Озат бидай өсіруші», «Ыбырай түбегі» шаруа қожалығының төрағасы Абай Оспанқұлов «Озат жоңышқа өсіруші» атанды.
Көкөніс және бақша шаруашылығында еңбек етіп жүрген азаматтар да марапат төрінен көрінді. «Озат көкөніс өсіруші» номинациясын «Barlybai & K» агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы Ертуған Барлыбаев, «Озат бақша өсіруші» атағын Қоғалы ауылдық округінің қауын өсірушісі Ботабай Досжанов иеленді. «Сарықұм» шаруа қожалығының мақсары өсірушісі Ерғазы Алтынбайұлы «Озат мақсары өсіруші» атанды.
Ауыл шаруашылығының өзге де маңызды бағыттарында еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы бағаланды. «Үздік өсімдік қорғаушы» номинациясымен Ақнұр Әлиева, «Үздік бағбан» аталымымен Ерлан Абдуллаев, «Үздік гидротехник» атағымен Мақсұт Қозайдаров, «Үздік ветеринар» номинациясымен Күлзина Байдарбекова марапатталды.
Облыс әкімінің Алғыс хатымен «Заңғар» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары Ерболат Машрапин, «Бестам елі» шаруа қожалығының есепшісі Мейрамкүл Молдашова, «Халық» фермер қожалығының бас есепшісі Нұржан Мұратаев және «Жер Жомарт Д» ЖШС есепшісі Гүлмира Ашенова марапатталды.
Аудан басшысының Алғыс хатына фитосанитарлық диагностика және әдістемелік болжамдық орталығының энтомологы Сабит Парманқұлов, «Серік» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Айтасов, «Жарас» шаруа қожалығының төрағасы Жарас Сейітқасымұлы, Ақтоған ауылының бағбаншысы Асылхан Жүздайбеков, «Мақсат» шаруа қожалығының күрішшісі Ертай Мырзамбетов және дихан Ақылбек Жолмахан ие болды.
Мерекеде орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі де ескерілді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің Алғыс хатымен Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі директорының орынбасары Рахат Оралхан марапатталды. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Құрмет грамотасы орман шебері Ербол Жұмаділовке табысталды. Ал облыс әкімінің Алғыс хатына орманшылық басшысының көмекшілері Ренат Әбдіқалықов пен Жалғас Аймырзаев ие болды.
Осылайша, мерекелік марапаттау рәсімінде ауыл шаруашылығының барлық дерлік бағыты қамтылып, егіншілік, су шаруашылығы, өсімдік қорғау, ветеринария және орман саласының мамандарына құрмет көрсетілді.

ШИЕЛІ АСПАНЫНДАҒЫ ӘН МЕН ОТШАШУ
Күндізгі мерекелік шаралардан кейін аудан тұрғындары кешкі гала-концертті тамашалау үшін орталық стадионға қайта жиналды. Сағат 19.00-де басталған концерт «Алтын күз – 2026» мерекесінің қорытынды думанына айналды.
Кешке аудан әкімі А.Насриддинұлы, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен аудан тұрғындары қатысты. Концерттің тізгінін танымал қазақстандық тележүргізуші Ардақ Қасымхан ұстады.
Алдымен аудан басшысы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің аудан экономикасын дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. Ол ел ырысын еселеген еңбек адамдарының еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті. Сондай-ақ диқандарға мол табыс, отбасыларына амандық тіледі.
Аудан басшысы өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызды оқиғаларға да тоқталды. Атап айтқанда, биыл Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаевтың 70 жас мерейтойы мен қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаеваның 80 жас мерейтойына арналған «Тұлғалар тағылымы: парасат пен пайым» атты тағылымды кеш ұйымдастырылғанын жеткізді.
Мерекелік кеште ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне арнайы марапаттар табысталып, бірқатар азаматтар облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.
Одан кейін сахна төріне Қазақстан эстрадасының танымал өкілдері көтерілді. Атап айтқанда, Қазақстанның халық сүйіп тыңдайтын әншілері Гүлнұр Оразымбетова, Сырым Исабаев, әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлы және жастардың сүйікті әншісі Bayansulu өнер көрсетіп, мерекелік кешті әуезді ән мен әсем сазға бөледі. Кештің соңында Шиелі аспанында мерекелік отшашу жарқырап, «Алтын күз – 2026» думаны өз мәресіне жетті.

ТҮЙІН
«Алтын күз – 2026» мерекесі – ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін саралап, еңбек адамдарының еңбегін бағалаған тағылымды шара болды. 140 тоннадан астам өнім ұсынылған жәрмеңкеден басталған мереке еңбек озаттарын марапаттау, ұлттық спортты ұлықтау, өнер мен мәдениетті дәріптеу арқылы мазмұнды жалғасын тапты.
71 340 тонна Сыр салысын қамбаға құйған Шиелі диқандарының жетістігі – ауданның аграрлық әлеуетінің айқын көрінісі. Ал Ыбырай Жақаевтан бастау алған еңбек дәстүрінің бүгінгі ұрпақпен жалғасуы – Шиелінің басты құндылықтарының бірі.
Дәнге толған дала мен сәнге толған Шиелінің мерейі осындай. Еңбек бағаланған жерде береке бар. Ендеше, туған жердің ырысы артып, диқанның қамбасы тола берсін!

Айнұр ИБРАШЕВА,
Фото: Бақытжан БӘЙІМБЕТ
03 қараша 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№83 (9450)

03 қараша 2026 ж.

№82 (9449)

29 қазан 2026 ж.

№81 (9448).

24 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30