Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАЛА ДАРАБОЗЫНА ҚҰРМЕТ

ДАЛА ДАРАБОЗЫНА ҚҰРМЕТ

Егін жиналды. Жаз бойы тыным таппаған шаруаның кетпені дамылдады. Қамба астыққа толды. Биыл олжалы жыл болды. Шиелі диқандары гектарынан ­55 центнер­ден өнім алып, облыста «үздік аудан» атанды. Бұл шиелілік егіншілердің даңқты диқан, дала академигі Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына лайықты тартуы болса керек.
Жыл басынан бері ақ күріштің атасы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» тақырыбы аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Солардың қорытындысы ретінде дүйсенбі күні облыс орталығында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Қазақстанның күріш шаруашылығын дамыту перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы­ Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Ыбырай Жақаевтың ұлы, еңбек ардагері Сейітбек Жақаев, Ресей Федерациясының, Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының белгілі ғалымдары, аймақтың атақты еңбек ардагерлері мен ауыл шаруашылық құрылымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияда аймақ басшысы «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың күріш дақылын өсіру, оны күтіп-баптау ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтіп, оны бүгінгі күні ізбасарлары жаңғыртып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Ежелден тарихы бай Сыр өңірінде елі мақтан етер біртуар тұлғалар жетерлік. Солардың арасынан даңғайыр диқан ­Ыбырай Жақаев әлемге қазақтың еңбекте орасан зор табысқа жете алатының дәлелдеп кетті. Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырды. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың кеңестік кезеңдегі еңбек адамына берілетін ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын екі дүркін иеленуі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы қарапайым еңбек адамын бағалаудың үлгісі болды», – деді облыс әкімі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы іс-шараға қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тілеп, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру ісіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Конференция барысында Ресей Федерациясының Күріш федералды ғылыми орталығының профессоры, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы Максим Ладатко мен Өзбекстан Республикасындағы Қарақалпақ дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар Ғылыми зерттеу институтының ғылыми тәжірибе станциясының ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Есбосын Садықов өңірлеріндегі күріш өсіру ­бойынша селекциялық жұмыстар барысы мен осы бағыттағы өзара әріптестік мүмкіндіктерін таныстырды. Іс-шара соңында облыс әкімі бірқатар сала үздігі мен егін шаруашылығы мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдарға Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына арналған арнайы төсбелгіні табыстады.
Өңірге даңғайыр диқан мерейтойын атап өтуге арнайы келген қонақтар облыс орталығындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы институтының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, іс-шара аясында атақты күрішшінің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Айта кетейік, жыл соңына дейін ауданда «Ақ күріштен тау тұрғызған Жақаев» атты республикалық ақындар айтысы, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ат бәйгесін өткізу жоспарланып отыр.

Болат Сыздық,
«Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
30 қараша 2021 ж. 681 0