ЕРЕКШЕ ЖАНДАР ЕЛЕНГЕН КҮН

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 1745 жылдың 13 қарашасы халықаралық зағиптар күні болып белгіленді. Ол Францияда, Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог В.Гаюидың дүниеге келген күніне байланысты. Себебі, В.Гаюи үкімет пен қайырымдылық қоғамдарының еш қолдауынсыз жеке қаражатына өз үйінде зағип балаларға арналған әлемдегі алғашқы мектепті ашқан.
Күн сәулесін бір сәтке болса да көру – зағип жандар үшін өмірдегі баға жетпес, ең асыл арман. Айналадағы заттарды тек сипау арқылы ғана сезіп, көкірек көзімен көруден басқа қолдан келер қайран жоқ. Алайда, олар жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жандар. Сол қасиеттерінің арқасында өмірге деген ынталары қайта арта түспесе, кеміген емес. Осыған орай, арнайы кітапхана қызметкерлері көру мүмкіндігі төмен азаматтарға арнап мерекелік іс-шара өткізді. Жан-жақтан келген зағип жандар бір-бірімен қауышып, бір марқайып қалды. Алғашқы сөзді «Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Г.Жақыпова бастап, өмірге құштар қайсар жандарды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Шара барысында №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының оқушылары мереке иелеріне арнап өлең шумақтарын оқыды. Ән айтып, күй тартқан оқушылардың өнеріне тәнті болған ерекше жандар өздерінің ақ тілегін жаудырды. Сонымен қатар,«Ай-Ару» супермаркетінің директоры, жеке кәсіпкер Ж.Сәрсенбаев демеушілік жасап, зағип жандарға сый-сияпатын тарту етті.
Мерекелік кештің соңында қоғаммен әрдайым бірге екендігін сезінген зағип жандар шараны ұйымдастырған кітапхана қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА