Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзі ғаріп демесең, көңілі жарық

Көзі ғаріп демесең, көңілі жарық

Бүгінгі таңда әлем бойынша екі көзі бірдей көрмейтін зағип жандардың саны 36 миллионнан астам екен. 2050 жылы олардың саны 115 миллион болады деп болжамдауда. Жалпы әлемде көз жанарынан зардап шегушілер саны 200 миллион болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 550 миллионға жетуі мүмкін деген қауіп бар. Ал Қазақстанда жарық дүниені мүлдем көре алмайтындар 20 мыңнан астам болса, көз жанарынан зардап шегушілер саны 1 миллион 220 мыңның үстінде көрінеді. Жалпы 13 қараша Францияда, Париж бен Петербургте зағип жандарға арналған бірнеше мектеп пен мекеме ашқан атақты педагог Валентин Гаюидің құрметіне Халықаралық «зағиптер күні» болып белгіленгенін білесіздер ме? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен бекітілген бұл күн – көз жанарынан мәңгіге айырылған жандардың жағдайына қоғам назарын аудару болып табылады.
Зағип жандардың қоғамдағы орнын айшықтау мақсатында бұрнағы күні Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана мен аудандық орталықтандырылған кітапхананың бірлесуімен «Жанарсыз да жарық әлем» атты әдеби әуенді кеш өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын насихаттаған шараны Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана директоры Ерқазы ­Алданазаров, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев және аудандық «Соқырлар» қоғамының басшысы Төрехан Әшірханов ашты.
– Бүгінгі таңда біздің кітапханада зағип жандарға арналған 28 600 кітап бар. Луи Брайльдың ойлап тапқан бедерлі-нүктелі жазу жүйесі арқылы қаншама зағип жандар рухани азық алып, кітап оқуға деген құмарлығын қанағаттандырып отыр. Сонымен қатар аталған кітапханада дауыстап оқитын машина, үлкейтіп көрсететін құрылғы сынды техникалар да жұмыс істейді. Алдағы уақытта Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы көз мүкістігі бар жандарға жолығып, қажетті техникаларға қаржы бөліп, осы бағытта жұмыс істейтіндігін айтты», – деді Ерқазы Жарылқасынұлы сөз барысында. Бұл жанары солғын тартқан жандар үшін қуанышты жаңалық болды. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапхана ішінде енді арнайы көз мүкістігі бар жандар үшін Ақтоты Орынбаева қызмет көрсететін болады. Яғни жанарында ақауы бар адам қалаған кітабының дыбыстық жазбасын алдыруға мүмкіндігі бар.
Әдеби шара «Жанары сөнсе де, өнері сөнбеген» атты зағип ақын-жазушылардың шығармашылығынан құралған кітап көрмесімен жалғасын тапты. Мектеп оқушылары олардың шығармашылығынан сыр шертіп, өлеңдерін оқыса, облыстық кітапхананың кітапханашысы, І топ көз мүгедегі Ақмарал Нұрлиева алты нүктелі әлем туралы түсіндірді. Оған қоса кітапханашы Зина Бисенова мен Пернегүл Қошқарова оқу машинасы «Сара», «Оникс» ұлғайтқыш құралы, тифломагнитафон, жазу машинкасының функцияларымен таныстырды. Шараға қатысушылар ән шырқап, өлең оқыды. Жазмыштың жазуымен жанарынан айырылған адамдар аз емес. Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тірлігі қиындыққа толы. Дегенмен денсаулығым жарамайды деп, қол қусырып, қарап отырмайды. Осындай қоғамдық шараларға қатысып, өз өнерлерін ортаға салып жүр.

Гүлнәр Дүйсебай

12 қараша 2019 ж. 971 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 43

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031