Өнегелі майдангер ұлықталды

Әбжали Орманов 1925 жылы 1 мамырда Жиделіарық ауылында дүниеге келген. Ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, Латвия, Литва, Эстония, Каунас жерлерінде қасық қаны қалғанша шайқасқан. 1951 жылы елге оралады. Отан алдындағы борышын адал атқарып, еңбегі еленіп, 14 медальмен марапатталған. Кеш барысында өнерпаз ақындар ардагердің өміріне тоқталып, жырдан шашу шашты.
Шараның мақсаты – соғыс ардагерін ұлықтап, айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, талантты, дарынды жас ақындардың шеберліктерін шыңдай түсіп, көпшілікке танылуына мүмкіндік туғызу, елдегі татулық пен береке-бірлікті, саяси тұрақтылықты дәріптеу еді.
Кеш барысында ақындар жұп-жұбымен ортаға шығып, арда туған азаматты үлгі тұтып, өлеңге арқау етіп, күй тартылып, терме айтылып, арнаулар оқылды. Мәдени шараға келген ауыл тұрғындары ардагерлердің жасаған игі істерін ғибрат ету азаматтық парыздары екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып тарқасты.
Ж.ҚАУҒАНБАЕВА.