Байқау жеңімпаздары анықталды
Елге игілік, адамға ырыздық сыйлайтын еңбекпен қатар, қоғамымызға рухани байлық та қажет. Халықтың жалғыз материалдық сұраныспен өмір сүрмейтіні әдебиет пен мәдениетке, өнерге деген ықыластан да көрінеді.
Осы ретте, Шиелінің 90 жылдығына орай, аудан жастары арасында «Еркін елдің ертеңі» атты байқау өтті. Ә.Тәжібаев ауылдық клуб үйі ұйымдастырған осынау шараға кенттен және ауылдардан 16 талапкер қатысты. Бірінші кезең бойынша кез келген ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, ал, екінші кезеңде туған жер, Отан, туған өлке тақырыптарындағы әндерді нақышына келтіре шырқады. Байқауға қатысушылардың өнері сахналық бейнесімен үйлесім тауып, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін ерекше ықыласпен жеткізді.
Сайыстың мақсаты − халқын, елін сүюге, нағыз азамат, шынайы патриот болуға қалыптастыру болды. Сонымен қатар, талантты, дарынды жастарды шыңдай түсіп, көпшілікке танылуына мүмкіндік туғызып, елдегі татулық пен береке-бірлікті, тұрақтылықты дәріптеп, Отанын қастерлеу еді.
Әділқазылар қатысушылардың өнерін бағалап, ризашылықтарын білдірді. Олар үшін шешім шығару да оңай болмағаны анық. Өйткені, жастардың барлығы байқауға тыңғылықты әзірленгендігі көрініп-ақ тұрды.
Ә дегеннен-ақ, Қазына Көгенбай көрермендерді баурап, бас жүлдені жеңіп алды. Ал, Ә.Тәжібаев ауылынан қатысқан Мөлдір Әжік бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші орынға Бестам ауылынан келген Ақбота Жолдасбекова лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынды Тартоғай ауылынан Бағжан Бекмырза мен Жөлек ауылының атынан шыққан Перизат Пірімжанова өзара бөлісті. Жеңімпаздарға сыйлық беріліп, алғыс хат табысталды.
Ж.Ноғайбайқызы.