Жебеден ұшқыр сөз айтып
Сыр елі, жыр елінде жас айтыскер ақындарды жиып, өзара сөз бен ой, өлең мен өре салыстырған сөз сайысы өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, айтыскер ақын, жыршы-термеші, Бекұзақ Тәңірбергеновтың туғанына 60 жыл толуына орай, облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Айтыс өнері – дала мәдениетінің жиынтығы. Заманында бүтін түркі жұртына ортақ өнер болғанымен, соңғы кезде көп мемлекеттерде жоғалып кеткен бұл өнер Елбасының тікелей қамқорлығымен даму биігіне көтеріліп елімізде ерекше орын алды. Бүгінде елге рух беретін, әлеуметтің көкейкесті мәселелерін дәл тауып айтатын күшке айналды. Айтысқа ерекше назар аударылып, билік пен халық арасындағы байланыстырушы алтын көпір ретінде жаңа деңгейге көтерілгеніне куә болып жүрміз. Қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табуына айтыс ақындарының қосқан үлесі ерекше. Осы ретте, «Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» және Белкөл кенті әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сайыстың мақсаты − айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету, жас таланттарды жарыққа шығару. Және ол Елдегі татулық пен береке-бірлікті саяси тұрақтылықты дәріптеу еді.
Аймақтық аламанға үздік деп танылған 12 жас ақын қатысып, қоғам түйткілін сөзбен түйреп өтті. Қазақ айтысын төрге сүйреген ақын Мұхтар Ниязов шараны тізгіндеп, жас ақындарға жөн сілтеп отырды.
Айтыс қорытындысында бас жүлдені Қазалы ауданынан Нұрзат Қару иеленсе, бірінші орын аталмыш ауданнан келген Өміртай Еңсебаевқа бұйырды. Ал, екінші орынды жерлесіміз, Мейрамбек Ибрагимов еншіледі. Үшінші орынға әріптесіміз Бекжан Ержігіт қол жеткізді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар беріліп, диплом табысталды. Сондай-ақ, сөз сайысында салмақты ойын топта сарнатқан қалған қатысушылар шабыттандыру сыйлығы тарту етілді.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.