"ЖЫР КЕРУЕН" дәстүрлі әнші-жыршылар фестивалі жобасы алғаш рет Шиеліде жалауын көтерді
Қазақ мәдениетінің алтын діңгегі саналатын дәстүрлі ән-жыр өнерінің игі бастама ретінде аталып өтілуі, оның насихатталуы, ел арасында дәстүрлі шара түрінде жолға қойылуы, ұлттың руханиятына жасалған үлкен абыройлы қамқорлық. Осы орайда, "Қазақстан Қызылорда" телеарнасының тікелей қолдауымен осыған дейін он жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан "Жыр керуен" дәстүрлі әнші-жыршылар фестивал жобасын аудандар арасында алғаш болып ұйымдастырған, Шиелі ауданы екендігін айта кету керек.
Шиелі ауданы әкімдігі қолдауымен, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, Астана қаласының 20 жылдық, Шиелі ауданының 90 жылдық, 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткізілген, облыстық жыршы-жыраулар фестивалі, аудан тұрғындарына өзгеше серпіліс, ерекше рухани азық сыйлағанына сеніміміз мол.
Жыр өнерін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген еліміздің ең талантты деген жыршы-жыраулары ат салысқан, бұл шараның мән-мағынасы мен сән-салтанатын, төл өнерімізге қосқан тамшыдай үлес есебіне баладық.
Жаназардай ер, Бұдабайдай сөз зергерін, Тайжан мен Нартайдай шайырларды туғызған, қасиетті Шиелі өңіріндегі бұл игі бастама, көпке үлгі, ел сүйсіне айта жүретін, тағылымы мол тарихи танымдық шара болды десек, артық айтқандық емес.
Аталмыш жобаның өтуіне қолдау білдірген Шиелі ауданы әкімдігіне, ұйымдастырылуына тікелей мұрындық болған Шиелі аудандық мәдениет үйі ұжым басшылығына және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне сондай-ақ "Арман" мәдениет үйі ұжымына алғысымыз шексіз!
Шараға ат салысқан барлық Сыр бойы ақын-жырауларына шексіз ризашылығымызды білдіреміз!
"Жыр керуен" тележобасының редакторы әрі жүргізушісі М. Сүгірбайға арнайы алғысымызды жаудырамыз!
П.сы: Өнер ру мен шекараға бөлінбейді. Ол қай жерде де өнер. Ән мен жыр қазақ даласының қай қазанында қайнаса да, ортақ абырой, ортақ мүдде!
Ұлттық өнердің ұлағаты ұрпақтарымызға ұяласын!
Төріңізде жырау жырласын!