Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы бастама көтерілді

Сыр өңірінде қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы бастама көтерілді



Қорқыт атаның күйлері мен Сыр сүлейлерінің шығармалары дүниежүзілік музыкалық аудиоэнциклопедияға енді. Мыңжылдықтарға ұласқан мақамсаз өнерді насихаттап жүрген әнші-жыршылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері аз емес. Дәстүрлі өнердің әлемдік өркениеттегі мәртебесін биіктету үшін кәсіби тұрғыда дамыту қажет. Осы ретте Сыр өңірінің өнер жанашырлары аймақта қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы бастама көтерді. Қармақшылық Бақберген Бекниязов – қазақтың көнеден келе жатқан музыкалық аспабы – қобыз жасайтын санаулы шебердің бірі. Ол ағаштан түйін түюді нағашысынан үйренген. Енді өскелең ұрпақты осы өнерге баулығысы келеді. «Өйткені қастерлі аспап қашанда қазақтың ұлылығын айқындап тұруы тиіс», – дейді ол. Бақберген Бекниязов, қолөнер шебері: – Келешекте шеберхана ашып, қолының икемі бар, шамалы іске қабілетті балалар болса, соларды тартып, кішкентай кәдесыйдан бастап, дамытып үйретуге дайынмын. Осы істі жалғастырсам ба деп ойлап жүрмін. Оғыздан жеткен тасқобыздың да Сыр бойындағы Қорқыт ата кесенесі маңынан табылғаны мәлім. Археологтар құнды жәдігер табылған Сортөбе қаласының IX-X ғасырларда болғанын айтады. Ал Сыр cүлейлерінің Қармақшы жеріне шоғырлануын күй атасы, жырдың пірі – Қорқыт бабамен байланыстырады. Әзірге еліміздегі жалғыз жыраулар үйі де осы ауданда жұмыс істеп тұр. Мәжит Самитов, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары: – Осы сөздердің бірден-бір дәлелі ретінде тек біздің ауданымыздың өзінен ғана 100-ден астам ақын-жыраудың шыққанын атап өтуге болады. Мысалы, Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, Шамшат секілді Сыр сүлейлерінің есімдері жыраулық дәстүр өнерінде алтын әріптермен жазылған. Серік Жақсығұлов, жыраулар үйінің директоры: – Сыр бойының өзінде де үлкен іргелі 3 мектеп қалыптасқан. Ол айдынды Арал өңірінде Нұртуған мектебі, Жаңақорған, Шиелі бетіндегі, біздің оңтүстігіміздегі Нартай ақын мектебі, осы қасиетті Қармақшыда орналасқан Жиенбай жырау мектебі деп жатады. Мұнда кешегі жыраулардың ізіменен барлық дәстүрлер сақталып келе жатыр. Әсіресе әрбір мақамсазға деген талғампаздық, әрбір орындаушының осы шеберлігін арттыру, өзінің болмысын қалыптастыру деген сияқты мәселелер өте басым назар аударып отырады. Жуырда Токио университеті шығарған «Бүкіл дүниежүзілік музыкалық аудиоэнциклопедияға» Қорқыт атаның 9 күйі мен Сыр сүлейлерінің 16 шығармасы енді. Қорқыт туындыларын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енгізу үшін Түркия, Әзербайжан және Қырғызстанның қолдау білдіргені белгілі. Әлем жоғары бағалап отырған дәстүрлі өнерге жастарды баулуды мектептер мен үйірмелер аясында емес, кәсіби тұрғыда бастау керек. Алмас Алматов, жырау, фольклортанушы : – Академияның материалдық-техникалық базасыменен, оның әлеуметтік жеңілдіктерін республика бюджетіне салмақ түсірмей, облыстың бюджетінен шешуге мінекей келісім беріп отыр. Демек халықтық өнерге халықтық қамқорлық қажет дегеніміз осы болар. Сыр өңірінде қазақ дәстүрлі өнер академиясын құру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. «Жоба жүзеге асса, қазақ елінің дәстүрлі мәдени-музыкалық мұраларын әлемге танытатын талай талантқа жол ашылар еді», – дейді өнер жанашырлары.

24.kz
08 сәуір 2018 ж. 1 699 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031