ЖАС АҚЫНДАР АЛАМАНЫ
Сәрсенбіде Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстың бас ақыны, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Махамбетқали Тұрсановтың 85 жылдығына арналған «Ақындықтың тұғырынан түспеген – Махамбетқали» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Шараның мақсаты – айтыс мәдениетінің баға жетпес асыл мұрасын халыққа жан-жақты насихаттап, суырып салма өнердің дамуына үлес қосқан Сыр елінің бас ақыны Махамбетқали Тұрсановтың өмірін, сан қырлы өнерін, шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа дәріптей отырып, оның өшпес мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы мен аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған айтысты аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұл сөз шебері, айтыс өнерінің дүлдүлі М.Тұрсановқа арналған жыл басынан бергі екінші шара. Алғашқысы – көктемде бас ақынның құрметіне ұйымдастырылған оқушылар айтысы болатын. Осы игі шара 3 жыл бойы үздіксіз өтетін болса, дәстүрлі айтысқа айналмақ. Ұйымдастырушылардың да мақсаты – осы.
Облыстың бас ақынының сан қырын, бітім-болмысын, шешендігі мен шеберлігін өлең-сөзге тиек еткен жас ақындар М.Тұрсановтың туып-өскен ауылы Бәйгеқұмдағы мәдениет үйіне ақынның есімі берілсе деген тілек-ұсыныстарын да жеткізді.
Мәдениет саласының ардагері И.Байкенжеев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Ә.Сыздықов, ҚР Мәдениет саласының үздігі К.Жүсіп қазылық жасаған байқау қорытындысында бас жүлдені сырдариялық Мұхамеджан Мансұров жеңіп алды. І орынды шиелілік Бекжан Ержігіт, ІІ орынды қармақшылық Сырым Әділбек, ІІІ орынды қызылордалық Ұлықбек Бектай пен жаңақорғандық Мұхаммедәли Абдуллаев иеленді.
Сондай-ақ, М.Тұрсановтың ұл-қыздары өздерінің атынан айтысқа қатысушыларға қосымша сый-сияпат табыстады.
Г.ЯХИЯ