Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет мәйегі қашанда маңызды

Мәдениет мәйегі қашанда маңызды

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Жадыра ­Отарбаева жергілікті БАҚ өкілдерімен ­брифинг өткізді.
Жыл басынан бері аудандық және ауылдық мәдениет үйлерінде түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап айтар болсақ, балалар жылына орай «Жұлдыздар мен өнерлі ұл-қыздар» атты мерекелік концерт, «Арман» мәдениет үйі мен Алғабас ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» атты аудандық байқау өтті. Биыл Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай «Қазақтың әнші бұлбұлы» атты облыстық әншілер конкурсы, Халықаралық театр күніне орай Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» атты спектаклі ұйымдастырылған. Брифинг барысында Ж.Отарбаева Сырдың бас ақыны, айтыс­кер Махамбетқали Тұрсановтың 85 жылдығына орай «Жарқылдап өткен алдаспан, Махамбетқали марқасқам» атты облыстық оқушылар айтысы өткенін және алдағы уақытта атқарар жұмыстар легін тарқатты.
– Өздеріңізге мәлім, биыл – балалар жылы. Осыған орай Балалар кітапханасында «Еркетай» бук-театрының мүшелері «Алдар көсе және қу жауырын» ертегісінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетті. Сонымен қатар атаулы жылға орай Сыр бойының белгілі балалар ақыны, ұстаз, ғалым Рахат Наурызбаевамен «Тау тұлғалы қаламгер» атты әдеби-сазды кездесу кеші ұйымдастырылды. Ал алдағы уақытта Әлмырза Ноғайбаевтың 75 жылдығына орай «Әні әдемі Әлмырза» атты дәстүрлі эстрада әндеріне орай облыстық байқау, Шахмардан Есеновтың 95 жылдығына «Ұлттың ұлы Шахмарданы» атты республикалық конференция, Бұдабай Қабылұлының 180 жылдығына байланысты «Өзге сөзден өлеңге ұста Бұдабай» атты республикалық ақындар айтысы өтпек, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ж.Отарбаева.
Айта кетейік, қоғам қайраткері, ағартушы Қалжан Қоңыратбаевтың 125 жылдығы мен жазушы, аудармашы, сыншы Әлібек Қоңыратбаевтың 115 жылдығына орай «Соқпақты жолдар, сортаңды белдер» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтетін болады. Жадыра ­Отарбаева алдағы уақытта да аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар жалғасын табатындығын жеткізді.

С.МАДИЯРОВА
17 тамыз 2022 ж. 607 0