Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтыстың алдаспанына айналған ақын

Айтыстың алдаспанына айналған ақын

Кешегі қадау-қадау ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі дәлелдеген шындық. Қала берді айтулы өнердің өкілі ретінде аты аталып, жыры жатталып жүрген тұлғалар жетерлік. Десе де, еңбегі елге жетпегендер де көп. Солардың бірі – Махамбетқали Тұрсанов.
Махамбетқалидың 85 жылдық өнегелі өмірін жыр арқылы насихаттау мен оқушылар арасындағы ақындардың дарынын даралау мақсатында «Балалар жылы» аясында Көкшоқыдағы «Арман» мәдениет үйінде «Жарқылдап өткен алдаспан, Махамбетқали марқасқам» атты облыстық оқушылар жыр додасы өтті. Айтысты айтуылы ақын Е.Әмір жүргізді. Сондай-ақ шара шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашты.
– Ежелден халықтың делебесін қоздырып, күйкі тірліктен ада етер арда өнердің қасиетін құнттап, қадірін түсінген халықпыз. Киелі Шиелі жерінен елге белгілі ақын жыршылар көптеп шыққан. Соның бірі Махамбетқали Тұрсанов болатын. Ол саналы ғұмырында «Ақын» деген ардақты атты абыроймен атқара алған болмысы бөлек тұлға. Тапқырлықта, шешендікте, ұтқырлықта, суырып-салмалықта Махаңа жететін ақын некен-саяқ. Айтыс тарихында «Облыстың бас ақыны» деп есімін алтын әріппен қалдырған жалғыз адам. Бүгінгі жыр додасына түскен жас ақындарға сәтілік тіледім, – деді ол.
Мұнан соң саханаға ақын, жазушы Дүйсенбек Аяшұлы мен ақынның ұлы Нартай Тұрсанов шығып, ақынның елге сіңірген еңбегін, көрген бейнетін көпшілікке көркем жеткізе білді.
Айтыста адам өмірі секілді, шырқау шақтары мен құлдырау сәттері болады. Айтыс аламаны қиқулай шапқан сан мықтының адалдығына, әділеттілігіне шыдас бергенде ғана көріктене түседі, көркейе береді. Оған өң беру, әр беру тумысынан айтыс үшін жаралған өрендерге тиесілі. Көзінің тірісінде айтыстың алтын діңгегіне айналып, қарсыласының ыстық ықыласына және халықтың пейілді құрметіне бөленген Махамбетқали Тұрсанұлы 1937 жылы 1 ақпанда Шиелі ауданы, 1 мамыр елді мекенінде дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін сол ауылға 15 жыл мал шаруашылығында еңбек еткен. 1974 жылдан бастап Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары, 1986 жылдан бастап аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарып, 1997 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Мәдениет саласында көп жылдар бойы еңбек ете жүріп, облыстағы айтыс өнерінің дамуына, оны ұрпақтарға насихаттауға зор үлес қосты. Сондай-ақ Сыр елінің айтыс өнерін өркендетіп дамытуда, кейінгі ұрпаққа ұлттық мұраны жеткізуге сіңірген еңбегі үшін облыстың бас ақыны, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі» үшін медалі және Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 60 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысына қатысқаны үшін «Құрмет» грамотасымен, ұзақ жылдар облыс мәдениеті мен өнеріне сіңірген елеулі еңбегіне орай марапат төрінен көріне білді.
От ауызды, орақ тілді ақтаңгерлердің көшін жалғар жүйріктердің шабысын аңдап, бағасын беруге сайланған қазылар алқасына да белді ақындар мен сөз қадірін түсінер, халық құрметтейтін азаматтар сайланды. Атап айтсақ, «Мәдениет саласының үздігі», ауданның «Құрметті азамат», айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп, айтыскер ақын Рахматулла Жолтаев, айтыскер ақын Бекжан Ержігіт қазылық етті.
Тілінің тікені бар, сөз қағыстырғанда ақиқаттың алдаспанын жарқылдатып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған Махамбетқали ақын дара тұлға. Елім деп күн, жерім деп мұң кешіп, қара таспен де тілдесіп өмір сүрген ақынның өнегелі өмірін өлеңмен өрнектеп, қазақтың жаны болған айтыс көшін өрге сүйреуге талпынған жас ақындар ойдым-ойдым ойы, тапқыр теңеуімен ел көңілін баурап алды. Екеуара сөз қағыстыру арқылы өткір әзілмен тыңдарманды ұйыта білген жас ақындар, нартұлғаның ғибратты ғұмырын да өлеңмен өрнектей білді.
Сөз сайысында бабы мен бағы жанып, тапқыр ойлар айта білген ақындар көмбеден көрінді. Атап айтсақ, қарсыластарына бет қаратпай, өткір де өтімді пікірлерді жырына арқау еткен шиелілік Елдар Әмірхан айтыстың бас жүлдегері атанып 70 мың теңге сыйлыққа ие болса, Дильназ Ержігіт екінші орынға ие болып 50 мың теңгені жеңіп алды. Мұнан соң Қызылорда қаласынан келген Ұлықбек Бектай мен Жаңақорған ауданының тумасы Мұхамедәлі Абдуллаев жүлделі ІІ орын иегері атанса, Қызылорда қаласының ақыны Сандыбай Біржан мен айтыс сахнасына алғаш шығып отырған Олжас Азатжанұлы үшінші тұғырдан көрінді. Сонымен қатар өзге де қатысушылар Нартай Бекежанов, Шахмардан ­Есенов, Құрманбек Бекпейісов, Әбдіманап ­Шорабаев атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Ш.Тілеубаев
18 шілде 2022 ж. 440 0