Мүлкаман – мәңгілік мұнарасы
Өткен аптаның сенбісінде Сұлутөбе ауылында ақын, композитор, күйші, профессор жерлесіміз Мүлкаман Сүлейменұлы Қалауовтың 80 жылдығына арналған «Мүлкаман – мәңгілік мұнарасы» атты еске алу кеші өтті.
Алдымен көпшілік мәдениет үйінің кіре берісінде жасақталған этноауылды тамашалап, кітапханашылардың да көрмесімен танысты.
Көп күттірмей кеш те өз жалауын көтерді. Бейнепроектордан Мүлкаман Қалауов жайлы бейнероликпен бастау алған шара №41 мектептің «Жас ұлан» тобының «Сәлемдесу» әдеби-монтажына ұласты. Ортаға озған жиынның жүргізушілері М.Қалауов жөніндегі ақпараттармен бөлісіп, біраз деректерді ортаға салды. Осылайша, есімі бүкіл республикаға танымал ақын, күйші, профессор, сазгер, өнердің ерен жүйрігі, ұлтымызға белгілі өнер саңлақтарының бірі, республикамыздың емес, талай елдің сахнасын ән мен сәнге бөлеген белгілі «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблін ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған тұлғаны еске алу кеші басталып кетті.
Кештің алғысөзін алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы шараның маңызы мен мазмұнының тереңдігіне тоқталып, киелі топырақтың тумасы, оның өнері төңірегіндегі ойларын тың деректермен баяндады. Мұнан соң арда азаматтың жары, шаңырағының шырайын келтіріп, отын өшірмей отырған Бибіайшаны көрермен қошеметімен сахна төріне шақырып, сый-сияпат жасады.
Кеш әнмен әрленіп, күймен көмкерілді. Өнерпаздар өнерлерін ортаға салып, М.Қалауов өзі ұйымдастырып, жетекшілік жасаған «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі де залды бір сілкінтті.
Дәуірлер алмасып, ғасырлар жалғасып жатқанымен халық мұрасы қадау-қадау тұлғалар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Өз тұсындағы қазақтың ән-күй өнерінің аманат жүгін абыроймен арқалаған азамат Мүлкаман Сүлейменұлы ұрпақ жадында мәңгілік жасай береді. Азаматын ардақтаған, өнерлі ұл-қызын ерекше бағалаған халықтың рухы – өнерімен бірге жасай бермек. Өнер өлкесіне өзіндік өрнегін салып, қолтаңбасын қалдырып кеткен бірегей күйшінің есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кештің мазмұны осылайша өрбіді.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.