Өнердегі өр ағаларым
Сыр топырағында бұлардан басқа да көптеген дарынды өнер иелері ғұмыр кешіп, облысымыздың өнер саласын өркендетуге өз үлестерін қосып, Сыр елінің даңқын шығарды, атын асқақтатты. Осындай өнерпаздардың «Нартай өнер бригадасынан» кейін басын қосқан үлкен ұжым «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі еді. Ансамбль Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының студенттерінен құрылды. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары дүниеге келген «Сыр сұлуы» ансамблі облыс жұртын ғана емес, бүкіл республиканы дүр сілкіндірді. 1965 жылы қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов пен көрнекті ақын Зейнолла Шүкіров «Сыр сұлуы» әнін шығарды. 1968 жылы қазақ ССР мәдениет министрлігінің қаулысымен «Сыр сұлуы» ансамбліне халық атағы берілді. Сол «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі және дирижері, пединституттың кафедра меңгерушісі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлегі, профессор, Қазақ ССР-нің, «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», композитор, жерлесіміз, «Сұлутөбенің» сұлу жігіті, салихалы ағамыз Мүлкаман Қалауовтың болғанын біріміз білсек, біріміз білмейтініміз анық. Ансамблдің хорына күшті музыка маманы, М.Қалауов ағаймен консерваторияда бірге оқыған досы Ақсұлу Манасбаева жетекшілік жасады. Ал, би үйірмесін ерлі-зайыпты орыс тілінің мамандары Мирошничкенколар басқарды. Мүлкаман ағай осындағы филология факультетінің музыка және ән бөлімі студенттерінен ұлттық халық аспаптар оркестірін ұйымдастырды. Ақсұлу апай оған хорды оркестрмен сүйемелдеуді ұсынса, Мирошниченколар «биді қосып ансамбль неге құрмасқа?» – дейді. Міне, осылайша, негізін М.Қалауов қалаған «Сыр сұлуы» ансамблі қазақ халқының мақтанышына айналды. Ансамбль құрамында жерлес өнерпаздарымыз – Махмут Асқаров, Мейрамбек Аманбаев, Амангелді Әбілқасымов, Қынаш Дәужанов, Мақсұт Досжанов, Рысдәулет Құдайбергенов, Тұраш Мінайдаров, Әлмырза Ноғайбаев, Сәрсенбек Баймағанбетов, Жұпар Полатова, Дәреже Жұманова, Өтеген Райымбекова, Әлімбек Сәрсенов, Алуа Сәдуақасова, Кенжебек Палмұхамбетов, Әлімхан, Әшімхан Оспановтар, Гүлнар, Құралай Сардарбековалар және осы жолдар авторы да «Сыр Сұлуының» қанат жаюына әр жылдары өзіндік үлестерін қосты. Осылардың арасынан менің ойымнан шықпай, санамды мазалап жүрген Мейрамбек Аманбаев, Махмут Асқаров, Амангелді Әбілқасымов ағаларымыз. Олар несімен ерекшеленді? Әрине, музыкалық талантымен. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультеті «Музыка және ән» бөлімінің алғашқы қарлығаштары да осы үш ағамыз еді. Ол кезде бірінші курс студенттері мен төртінші курс студенттері хор және оркестр сабағында бірге болатын. Оркестрден Мүлкаман ағай хордан Ақсұлу апай сабақ берді. Мен төменгі курс студенті болғандықтан жоғарғы курстағы үш ағамның шиелілік екенін білмеппін. Сыртынан байқағаным ағаймен де, апаймен де еркін сөйлеседі. Оркестрде Мүлкаман ағай көбіне Амангелдіге арқа сүйеп, баян аспабына жазылған партитураларды дәл және дұрыс ойнап отырғанын мысал етіп, көп айтатын. Шындығында Амангелді мықты баянист, осы аспапта ойнаудың хас шебері еді. Өзіне жарасымды қою ақшашты Әбекең оркестрдің сәнді ойыншысы болды. Достары оны “ақбас” баянист дейтін. Көп сөйлемейтін, томаға-тұйық мінезімен үлкенді де, кішіні де өзіне баурап алатын ұлағатты ұстаз аудандық “Жас дәурен” ансамблінің оркестрінде де бірінші баян партиясымен ансамблді алға сүйреп отыратын. 1984 жылы Шиелі ауданы өнерінің Алматы қаласындағы күндеріндегі концертте жарқын өнерімен көзге түсті. Оркестр құрамындағы жас музыканттар Әбекең саусақтарынан үлгі алып, нотаға шұқшия қарағаннан гөрі баянның сиқырлы үнін есте сақтауға тырысатынбыз. Ол нотаға жүйрік, баян аспабының қыр-сырын жақсы меңгерген, дарынды музыкант, сол жылдардағы аудандағы жетекші музыка маманы саналатын. Амангелді Әбілқасымов аудандық балалар музыка мектебінде (қазіргі әуез мектебі) ұзақ жылдар ұстаз, баян сыныбынан сабақ берді, кейін осы мектептің директоры болып, өмірінің соңына дейін адал қызмет етті. Талай жарыстарда, концерттерде, конкурстарда аудан намысын қорғап, өзі де, музыкант шәкірттері де жүлдемен оралатын. 1977 жылы мен ауылдан Шиеліге көшіп келіп, аудандық балалар музыка мектебіне оқытушы болып орналастым. Таңертең мектепке келсем, баяғы ағаларымның бәрі осында жүр. Мейрамбек Аманбаев – директор, Кенжебек Палмұхамбетов – завуч, Махмут Асқаров – аккордеоннан, Амангелді Әбілқасымов – баяннан сабақ береді екен. Сөйтіп, мен де музыка әлеміне кіріп кеттім. Жайсаң ағаларымды өзіме ұстаз санап, өнерлі іні болуға тырыстым. Мейрамбек ағамыз қарапайым, көңілді жүретін. Мектепте қатал, өмірде ақжарқын, бауырмал, көпшіл еді. Бәрімізді үйіне шақырып, фортепианода ойнап, неміс, орыс музыкасы классиктерінің шығармаларын талдап, өзінің әлем музыкасынан хабардар екендігін көрсететін. Мәкең аккордионда да жақсы ойнайтын. Мектепте осы сыныптан дәріс берді. Мектеп ұжымын, ағайлар мен апайларды тең ұстайтын. Шиелінің сырбаз да сымбатты жігіті болатын. Амал не? Мәкең науқастанып, ұзақ жыл төсек тартып, дүниеден озды. Ол кісі қайтыс болғанда “аудан өнері бір музыкантқа қысқарды” деп қынжылып едім. Мәкең іскер басшы, ұйымдастыру қабілеті жоғары интелегент еді. Махмут Асқаров алып тұлғалы, бойы екі метрден асатын, музыкант емес, я батыр немесе баскетболшы болатындай кейіптегі көрікті азамат саналатын. Өте ұқыпты. Былайынша жазуы да, нота жазуы да тасқа басқандай көркем. Мен Махаң ағама жақындау болдым. Себеп, шығарған әндерімнің нотасын сол кісіге жаздыратынмын. Оның жазған ноталары газет бетіне шыққанда әдемі әрі анық көрінетін. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшылары да мереке күндеріне лозунг, плакаттарды музыка мектебіне келіп, Махаға жаздыратын.
Аудандық “Өскен өңір” газетінің логотипін де осы Махаң жазып берді. Оның шебер қолынан шыққан логотип ұзақ жылдар Шиелі оқырмандарының көзайымына айналды. Махаң да бұл өмірден ерте көшті. Бергенінен берері көп сауатты музыкант Шиеліге сыймай, халқын қимай кетті. “Жылтырағанның бәрі алтын емес” дегендей, қазіргі С.Кәрімбаев көшесінен (бұрынғы музыка мектебі осы көшенің бойында тұғын) С.Сейфуллин көшесіне өтіп, аудандық білім бөліміне қарай Мейрамбек, Махмут, Амангелді ағаларым көшемнің сәні, ауданымыздың әні болып келе жататын. Бүгінде үшеуі де жоқ. О дүниелік болған. Олар Шиелі ауданының елге танымал, алғашқы нота білетін, до, ре, ми, фа, соль, ля, си-ді музыка аспаптарында ойнай алатын, тарта алатын талантты музыканттар болды. Алланың берген сыйы өнерді қастерлеп өткен ағаларымды еске алу – парызымдай көрінді. Олардың көре алмай кеткен қызығын ұрпақтары көрсін. “Елін сүйген ерін елі ұмытпас” деген қанатты сөз де осы ағаларыма арналғандай.
Өркен ИСМАИЛ,
Шиелі ауданының
Құрметті азаматы.
Аудандық “Өскен өңір” газетінің логотипін де осы Махаң жазып берді. Оның шебер қолынан шыққан логотип ұзақ жылдар Шиелі оқырмандарының көзайымына айналды. Махаң да бұл өмірден ерте көшті. Бергенінен берері көп сауатты музыкант Шиеліге сыймай, халқын қимай кетті. “Жылтырағанның бәрі алтын емес” дегендей, қазіргі С.Кәрімбаев көшесінен (бұрынғы музыка мектебі осы көшенің бойында тұғын) С.Сейфуллин көшесіне өтіп, аудандық білім бөліміне қарай Мейрамбек, Махмут, Амангелді ағаларым көшемнің сәні, ауданымыздың әні болып келе жататын. Бүгінде үшеуі де жоқ. О дүниелік болған. Олар Шиелі ауданының елге танымал, алғашқы нота білетін, до, ре, ми, фа, соль, ля, си-ді музыка аспаптарында ойнай алатын, тарта алатын талантты музыканттар болды. Алланың берген сыйы өнерді қастерлеп өткен ағаларымды еске алу – парызымдай көрінді. Олардың көре алмай кеткен қызығын ұрпақтары көрсін. “Елін сүйген ерін елі ұмытпас” деген қанатты сөз де осы ағаларыма арналғандай.
Өркен ИСМАИЛ,
Шиелі ауданының
Құрметті азаматы.