Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "СЫР СҰЛУЫ"

"СЫР СҰЛУЫ"

Әр дәуірдің өз ағымы мен дәстүрі болатыны секілді, өнердің де туу, даму тарихы барлығы ақиқат нәрсе. Мысалы, 1968 жылы біздің ауданда «Жас дәурен» ән-би ансамблі құрылды. Өнерімен облысты, рес­публиканы тамсандырған осы ансамбльдің басы-қасында белгілі жазушы-драматург Оразбек Бодықов, атақты композитор Әсет Бейсеуов, аудан басшылары Дүйсенбі Смайылов, Перуза Жүсіпова, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жақаш Қоңыратбаевтар мен ауданның талантты өнерпаз ұл-қыздары болды. «Қызыл Ту» колхозында «Алтын дән», «Коммунизм» колхозында «Шаттық» №50 Абай атындағы мектепте «Қаламқас» ансамбльдері құрылып, елді думанға бөлеп жатты. Музыка еңбек адамдарына шабыт берсе, олардың ду соққан шапалақтары өнерпаздарды қуанышқа кенелтті. Оған бүкіл қоғам болып, үлкен-кіші, тайлы-таяғымен атсалысты. 1964 жылы қаңтар айының басынан Мәскеуде өтетін Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің апталығына әзірлену міндеттеліп, осыған орай республика басшысы Д.Қонаевтың басшылығымен мемлекетіміздің іс-шаралары жасалынады. Осында айтылған міндеттерді орындау барысында 1967 жылы мамыр айында облыс орталығында көркемөнерпаздардың облыстық байқауы өткізіледі. Осы дүмпудің арқасында негізінен Н.Гоголь атындағы пединституттың филология факультеті жанындағы музыка бөлімінің студенттері, институттың өнерлі жастары және М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің оқушылары, сондай-ақ, облыстың өнерлі азаматтарының республикада тұңғыш рет «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі құрылды. «Сыр сұлуы» ансамблі жедел іске кірісіп, дайындықты үдетіп, аз мерзімде байқауға қатысқан 20-дан астам ұжымның ішінен суырылып шығып, Алматы қаласына жолдама алады. Сөйтіп, шілде айының басында «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі республикалық байқауға аттанады. Ансамбль композициясы жазушы-ақын Асқар Тоқмағамбетов пен шиелілік Оразбек Бодықовтың либреттосы бойынша жасалады. Қазақ халқының ұлы композиторы, ән әлемінің падишасы атанған композитор Шәмші Қалдаяқов әнін жазған, қазақтың өжет ақыны Зейнолла Шүкіров сөзін жазған «Сыр сұлуы» әні осы ансамбльдің атауына айналады. Облыстық «Сыр сұлуы» ансамблінің ең алғашқы ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі – Сыр бойының, Шиелінің біртуар талант иесі бесаспап музыкант, барынша қарапайым жан, кеудесінен күй, жүзінен нұр төгілген, сымбатынан көз сүрінген, композитор, дирижер, керемет ұстаз Мүлкаман Сүлейменұлы Қалауов болды. Жігіттің көркі – өнері. Өнер – қасиетті болмыс. Меніңше, өнерпазбен бірге туған қасиет. Біз ұстазымыз Мүлкаман ағайдың бойынан осындай тылсым қасиеттерді аңғарушы едік. Ол «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің ұлттық аспаптар оркестрін басқарып әрі дирижерлық етті. Сонда кез келген музыкалық аспапты тыңдап тұрып, «әкел бері» дей салып, сол домбырада да, ұрмалы аспапты да ойнап беретін. Шәкірттерге дауыс көтермейтін. Оркестрге дирижерлық жасап тұрғанда мойыл қара көзінен от шашып, арасында қалың бұйра шашын артқа сілки тастап, қолындағы дирижер таяқшасын ән ырғағымен, күй күмбірімен билете жөнелтетін. Орындалып жатқан шығарманы жан-тәнімен сезініп, оркестрде отырған музыканттарды уысында ұстайтын. Сонша адамның ішінен өз партиясын шала ойнап отырғандарды аңғарып, музыканы тоқтатпай ыммен, қолмен ескерту жасап тұратын. Ағайдың тұлабойы музыка дер едім. Біз бір жағы ол кісінің сүйкімді бейнесіне, көрікті көркіне, әдемі күлкісіне, таңғажайып талантына ауыз аша қарайтынбыз. Оркестрде жеті сағат отырсақ та шыдас беріп, жалықпас едік деп ойлаймын қазір. Мүлкаман ағай музыка ұстазы болып жаратылған, ерекше талант иесі еді. Өзі құрған «Сыр сұлуы» ансамблінің құрамында болған мына төмендегі музыкант өнерпаздардың барлығына Мүлкаман Қалауов ұстаз болды, эстетикалық тәрбие, рухани азық берді. Шиелі ауданынан Махмут Асқаров, Мейрамбек Аманбаев, Амангелді Әбілқасымов, Әлия Аманбаева, Дәреже Жұмаева, Ерқауыс Айтуов, Тұраш Мінайдарова, Әлімбек Сәрсенов, Мақсұт Досжанов, Қынаш Дәужанова, Рысдәулет Құдайбергенов, Кенжебек Палмұхамбетов, Жұпар Полатова, ағайынды Әлімхан, Әшімхан Оспановтар, апалы-сіңлілі Гүлнар, Құралай Сардарбековалар, Патшабек Бошайбеков музыка әліппесін, оның сиқырлы сазын, ғажайып үнін, жеті нотаның не екенін ұлағатты ұстаз Мүлкаман Қалауовтан үйренген болатынбыз. Осы жігіттер мен қыздардың бірі ерте, бірі кеш «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшелері болуы – аудан мәдениеті мен өнерінің қалыптасуына, өркендеуіне ықпал жасағаны анық. Кезінде «Сыр сұлуына» ауданның танымал әншілері Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, Сәрсенбек Баймағанбетовтер де шақырылды. Мүлкаман ағай Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, курстасы Ақсұлу Манасбаева екеуі егіз қозыдай жүретін. А.Манасбаева «Сыр сұлуы» ансамблінің хормейстері болды. Мүлкаман Қалауовтың сенімді серігі болып, ансамбльдің оң тұтқасын ұстап жүрді. Жалындап тұрған апай еді. 1971 жылы мен Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы «Алатау» кинотеатрында Ақсұлу апаймен кездейсоқ кездесіп қалдық. Ол кісі де кино көруге келіпті. Құшақтасып амандастық. Осында Қырғызстан мемлекеттік консерваториясына шақыртумен оқытушы болып келген екен. Мен ұстазымды, ол шәкіртін көргеніне мәз болыстық. Үйіне шайға шақырды. Қасымда достарым бар екенін жеткізіп, рақметімді айтып, кинодан соң қоштастық. Апайдың Атырау облысы, «Доссор» мұнай кенішінің қызы екенін сонда білдім. Ақсұлу десе, Ақсұлу болатын өзі де.
Мүлкаман Сүлейменұлының Тартоғай ауылында тұратын немере қарындасы Айжамалдың айтуы бойынша, Мүлкаман ағай 1938 жылы 30 желтоқсанда Сұлутөбенің, «Тасшоқы» деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Сүлейменнен 4 ұл, 1 қыз болған. Бәрі де өмірден көшіп кеткен. Әйелі Бибайша қазір Алматы қаласында Айгүл деген қызының қолында тұрады. Бұрын партия қызметкері болып, облыстық партия комитетінде жұмыс атқарған. Жалғыз ұлы Шеризат Шымкент қаласында тұрады, кеден қызметкері. М.Қалауов Қызылордадағы 1-Май орта мектебін бітірген соң, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түседі. 1964 жылы консерваторияны бітіруге бір жыл қалғанда курстасы Ақсұлу Манасбаева екеуін бір жылдық тәжірибе жинақтауға Қызылорда қаласына, Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа жібереді. Осыдан бір жыл бұрын осы институтта филология факультетінің жанынан музыка және ән деген бөлім ашылған екен. Тағдыр осылайша М.Қалауовты өз ауылына әкеліп, 1964-1982 жылдары Н.Гоголь атындағы педагогика институтының кафедра меңгерушісі, 1982-2004 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының доценті, деканы, профессоры болады. Оның өнердегі жетістігі – республикамыздың тұңғыш «Сыр сұлуы» атты халықтық ән-би ансамблін құрып, оны дүниежүзілік деңгейге көтерді, елді музыкаға, өнерге тамсандыра білді. М.Қалауовтың шәкірттері облыстың барлық аудандарында, басқа да облыстарда музыка әлемінде еңбек етуде. Мүлкаман ағай өте қарапайым еді. Біздің оқу корпусымыз институттың төрт қабат жатаханасында болды. Төртінші қабатта жатамыз, екінші қабатта оқимыз. Бірінші қабатта оркестр, хор сабағы өтіп, гуманитарлық пәндерден лекция тыңдаймыз. Жатаханадағы №74 бөлмеге ағай жиі соғып, жағдайымызды біліп тұратын. Мұнда Талдықорған облысынан Тұрдақын Тоқбаев, Батырғали деген Қызылорда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Сейділда Тәнекеевтің інілері, Жаңақорғаннан кейін атақты әнші-композитор болған Бексұлтан Байкенжеев төртеуміз жататынбыз. Бір мезгіл бізбен бірге отырып, өзінің күйлерін домбырада ойнап, классикалық шығармаларды баянда шебер орындап, бізді музыкаға ынтықтырып кететін. Сол сағындырған ұстазым да, үш досым да бұл жалғаннан ерте озып, есімде елес болып қалып отыр.
Мүлкаман ағай 1979 жылы 28 мамыр күні үйге соқты. Құрақ ұшып, қуанып жатырмын. Шиеліге жұмыстарымен келген екен. Қонақ еттім. Нұрлы жүзі толыса түскендей. Көңілді отырды. «Ән жазуды тоқтатпа, менің берген сабағым аз етеді, ізден, керек болса, консерваторияға түсуге көмектесейін» – деді, ағай ағынан жарылып. Мен «Ағай, үш балалы болып қалдық қой» деп едім, «өй-бөй» деп біраз күліп алды. Қымбатты ұстазым үйіме келіп отырғанда қолтаңба алып қалайын деген ой басыма сарт ете түсті. Оңайда тұрған еліміздің жас ақындарының «Балауса» деген жинақ кітабын (ішінде шиелілік ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының да өлеңдері бар) ұсындым. Кітап бетіне «Өркен! Өмірде өренің өссін. Бақ тілеуші ағаң Мүлкаман Қызылорда 28.V.1979 жыл» деп қолтаңбасын қалдырды. Бұл кітап мен үшін тұмарымдай қымбат болып, сақталып қалды. Жарықтық дарын иесі ағайды 1983 жылы соңғы рет көруім. Жаздыкүні, есік алдында көшеде тұрғанмын. Теміржол жақтан базарға қарай біздің Ш.Уәлиханов көшесімен бір кісі келе жатты. Жақындаған сайын түрі таныс бола бастады. Сөйтсем, Мүлкаман ағай. «Кеше анау Аманбаевтың үйіне келгенмін. Мейрамбектер менің тұңғыш түлектерім ғой. Автовокзалға бара жатыр едім. Мына жерге келгенде асқазаным бүріп ауырып, мазамды қашырды» – деді ағай, сенің кездескенің дұрыс болды-ау. Ағайды үйге кіргізіп, жатқыздым. «Дәрігер шақырайын ба?» деп едім. «Айналайын, рақмет, сәл жатсам кетіп қалар» – деді. Жұбайым Рая дереу ас қамына кірісті. Бір ұйықтап тұрғасын ағай қайткенде бүгін Қызылордаға жету керектігін айтты. Ауқаттанып, шай ішіп әлденген Мүлкаман ағай жолға шығып кетті. Бұл М.Қалауовтың Қызылордадан Алматыға қызмет ауыстырғаннан кейін елге келіп, сәлемдесіп жүрген кезі екен. Ол өзі құрған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблімен 1982 жылға дейін бірге өмір сүрді. Сол жылдардан есіне алған ағай «Қызығы мен қуанышы мол ең бақытты кездерім еді. Мен өміріме ризамын» деп жазып кетіпті. Айтса айтқандай, М.Қалауовтың жетекшілігімен «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі Қызылорда облысы мәдениетінің маржанына айналды. Ансамбль қазақ өнерін Мәскеуде, Молдавияда, Болгар Халық Республикасында, Иемен Араб Респуб­ликасында, Иемен Халық Демократиялық Республикасында, ІХ Дүниежүзілік жас­тар және студенттер фестивалінде, Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикасында, еліміз­дің бірнеше қалаларында паш етіп, миллиондаған көрермендердің қошеметіне бөленді. Шындығында, бұдан артық бақыт болушы ма еді?! 1967 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі «Алтын» медальмен наградталады. Ал, 1968 жылы 29 ақпанда Қазақ КСР мәдениет министрі Ілияс Омаровтың, министрлік коллегиясының шешімімен «Сыр сұлуына» «халықтық» атағы беріледі. Оның жетекшісі М.Қалауов та «Алтын медальмен», КСРО білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталады. М.Қалауовқа Қазақ КСР-нің «Еңбек сіңірген мәдениеті қызметкері» деген атақ беріледі. Өнердің өрен жүйрігінің даңқы одақтан асып, шет елдерге мәлім болады. Тартоғай ауылында тұратын Мүлкаман ағайдың жақыны, шәкірті, күйші Ерқауыс Айтуов былай дейді:
– Мүлкаман аға консерваторияда оқып жүргенде ауылға демалысқа келетін. Ол Алматыға қайтқанша Тартоғай аспанында ән-күй шалқитын. Соңында жастар, балалар шұбырып жүретінбіз. Ол кезде теледидар жоқ. Біздің телевизорымыз Мүлкаман аға болатын. Не деген музыкант, не деген талант десеңізші?! Оның домбыра мен баянда ойнағанына таңқалысып, қайран қалушы едік. Кейін мен де ағама еліктеп, музыка мамандығын қаладым. Ол – қайталанбас дарын еді ғой. Институтта жаман оқығаным жоқ. Сонда да мені қамшылап, жаны ашып, қамқоршым боп жүретін. Сондағы айтатыны: «Бауырым, жалқау болма, домбыраға күнделікті даярлық керек, көп даярлан, ертең өкінбейсің, жарай ма? деп қоятын, мені ренжітіп алмадым ба дегендей, сәл жымиып. Ондай адамдар қазір қайда?! – деп күрсініп, Ерқауыс та өкінішін сездіргендей қалып танытты.
М.Қалауовтың артында сүйікті шәкірт­тері, жүрегін жарып шыққан күйлері мен әсем әндері қалды. Шәкірттері барда ол ешқашан ұмытылмайды. Оның көзі тірісінде «Төгілген күй, шалқыған ән» атты ән-күй жинағы жарық көрді. Көңілге місе, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылым кеңесі университеттің №7 ғимаратының №508 дәрісханасына есімін мәңгілік қалдыру мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», профессор Мүлкаман Қалауовтың есімін беру туралы 17 маусым 2015 жылы қаулы қабылдаған. Ал, халықтың қалаулысы болған «Сыр сұлуы» ән-би ансамбліне Қызылорда қаласында «Сыр сұлуы» деген көше аты берілген. Ұлағатты ұстаз М.Қалауов үстіміздегі жылы 80 жасқа толып отыр. Оның ерен еңбегі осы даталы мерейтой аясында бағаланып, тиісті шешімдер қабылданар деп үміттенеміз. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әніне жан бітіріп, «Сыр сұлуы» ән-би ансамблін дүниежүзіне танытқан асқан музыкант, биік дәрежелі дирижер, жерлесіміз Мүлкаман Қалауовты білу, тану аудан жұртшылығының да міндеті шығар деген оймен қолыма қалам алдым. М.Қалауов 2004 жылы 66 жасында өмірмен қоштасып, Алматы қаласындағы «Кеңсай» зиратына жерленеді. Оған туыстарынан жоғарыда айтқан немере қарындасы Айжамал қатысып, ағасын соңғы сапарға шығарып салады. Сол күні қазақ радиосынан шырқалып тұрған «Сыр сұлуы» әні де бір сәт үзіліп түскен еді.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
23 қаңтар 2018 ж. 1 899 0