Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шайырлар туған – Шиелі

Шайырлар туған – Шиелі


Жаз бойы жасаған бейнет қайтып, қамбаға астық толып, көңіл көтерілген шақта ауданымызда «Алтын күз» мерекесі жыл сайын аталып өтеді. Сол дәстүр биыл да жалғасып, Шиелінің 90 жылдығы аясында «Асылдар туған, шежіре тұнған – Шиелі» атты ақындар айтысы өтті.
Шиелі топырағы топ бастаған көсемдерді, сөз бастаған шешендерді тудырған киелі жер. Айтыс – ерекше қабілетті, ұтқырлықты, табан асты тапқырлықты, бұқара мен билікті байланыстырып, өлеңнің буынына сыйдырып, қоғамда болып жатқан дүниені кестелі сөзбен жеткізетін өнер. Алтын күздің сәніне айналған дәстүрлі сөз додасына аудан әкімі ерекше көңіл бөліп ұйымдастырар кезде «Өзгенің жылтырына қызықпай, өзіміздің күмісімізді көруіміз қажет, біздің ақындар ешкімнен кем емес» деген болатын. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы айтыс та бұрынғы айтыстардан ерекше болды. «Салтанат сарайында» өткен айтыста аудан халқы тайлы-тұяғымен, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келіп тамашалады. «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында айтысқа Кенжебай Жүсіп бастаған от ауыз, орақ тілді, тек Шиелі ауданында туылған он ақын қатысты. Айтыс қазылар алқасынсыз өтті. Араға он жыл салып, сахнаға сағындырып оралған Еркін Садықұлымен ауданымыздың бас ақыны Кенжебай Жүсіп айтыстың шымылдығын ашты. Қос ақын 90 жылда жеткен жетістіктерді, елеулі оқиғаларды, жасалып жатқан жұмыстарды тереңінен жырлады. Жиылған қауымға ұстаз бен шәкірт айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Екінші болып ортаға шыққан Талғат Күзенбаев пен Бекжан Ержігіт күйеубала мен қайын аға арасында әзіл-қалжыңға құралған айтыс өткізді. Солайша, бұл жұп көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған сөз сайысын көрсетті. Ауылда туып Астанада жүрген ақындарымыз әрі қарай кезекті жалғады. Інжу Тас­панбетова мен Иранғайып Күзембаев ағалы-қарындас болып, бір қалада тұрып бір-бірін көрмейтінін айтып елді күлкіге қарық қылды. Тіс қаққан азулы ақын Ержан Әміров пен енді танылып келе жатқан Шыңғыс Құдайберген осы күндегі мұғалімдер жұмысының қиыншылығын тілге тиек етті. Бала күнінен сан доданың бәйгесін еншілеп, ауданның атын бүкіл елге танытып жүрген Мейірбек Сұлтанхан мен жас ақын Мейрамбек Ибрагимов айтысты қорытындылады. Төкпелесе сөзінің тігісінен су сіңбейтін жүйрік он ақынды тәрбиелеп шығару бір ғана аудан үшін үлкен жетістік. Айтыста «Нартай» өнер мектебінің ішінен ашылған ақындар сыныбының атын Махамбетқали Тұрсановтың атына берілсе деген ұсыныс та жасалды. Сөз сайысында орын берілмеді. Өлеңге сусаған ел үш сағат бойы тапжылмай отырды. 90 жылдыққа қуанып, тамаша айтысты өз көздерімен көрген халық мәз-мейрам болып тарасты.

Бекжан Ержігіт.
17 қазан 2018 ж. 1 992 0