Айтыстың ақберені
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі 60 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген игі шаралар ұйымдастыруда. Аптаның басында осы оқу орынының тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, тума талант, Сыр елінің мақтанышына айналған ақиық ақын Махамбетқали Тұрсанов және батыр ана, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Маржанкүл Асанбайқызын еске алу кеші өтті.
Сыр өңірі – талант пен өнерге бай. Ел арасында «Жыр елі» аталып кеткен мекеннен талай шайыр, жыр дүлдүлдері түлеп ұшты. Соның ішінде аудан өнерпаздарының орыны ерекше. Ұлтым деп туған ұлы тұлғаларын ұрпақтары мен ізбасарлары жоқтатпай, жиі еске алып тұруы керек. Өнердің аламан бәйгесінде ылдидан салса төске озған ерлеріміз жеткілікті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстың бас ақыны, айтыс өнерінің шебері Махамбетқали Тұрсанов пен жары Маржанкүл Асанбайқызын сағынып еске алдық. Махаң осы жылдың қаңтар айының басында Алаш жұртының қабырғасын қайыстырып, жанарына жас тұндырып, сексеннің сеңгіріне шығып, келместің кемесіне мінген еді. Саналы ғұмырында «Ақын» деген ардақты атты абыроймен атқара алған болмысы бөлек тұлға. Тапқырлықта, шешендікте, ұтқырлықта, суырып-салмалықта Махаңа жететін ақын некен-саяқ. Айтыс тарихында «Облыстың бас ақыны» деп есімін алтын әріппен қалдырған жалғыз адам. Еске алу кешін колледж директоры М.Дүйсенов ашып, ақынның аталған оқу орнына сіңірген еңбегін, көрген бейнетін көпшілікке көркем жеткізе білді.
Ұлағатты ұстаздан шешен шәкірт шығады. Қысқа ғұмырда өшпес қолтаңба мен ізіне іні ерте білген адам бақытты. Шараға М.Тұрсановтың ұл-қыздары, замандастары, інілері, шәкірттері, ізбасарлары қатысты. Кезекті сөзді шәкірті, інісі Кенжебай Жүсіпов алды. Тағылымы мол естелік, айтыстағы бір-екі қайырымын, өсиеттерін, әсерлі әңгімелерін студент жастарға, келген қонақтарға баяндап берді. Өзінің арнауын, ізгі лебізін айтты. Тағы бір белді шәкірті Рахматулла Жолтаев «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деп ортаға шығып, арнауын оқып, көпшіліктің көңілін босатты. «Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы Н.Елтай, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет алған тәлімін, көрген өнегесін көпшілікпен бөлісті. Ауданымызға жеке шаруамен келіп, осы кешті естіп, қатысуға асыққан, өнерде өзіндік орыны бар Торғайлық ақын Саят Әбенов те М.Тұрсановқа табан асты өлең арнады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Өнерде жүрген үлкенді-кішілі азаматтар түгелдей дерлік атсалысты бұл кешке. Айтыс ақыны Талғат Күзембаев пен Бекжан Ержігіт домбырамен Махаңа арнау айтып, колледж ұжымына алғыстарын жеткізді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев пен журналист Мақсұт Ибрашев және аудандық мәслихат депутаты Нәсіпбай Көпенов ізінде жүріп көрген қызықтарын еске алды. М.Тұрсанов өмірден өткенімен, көңілден кетпейтін адам екенін растағандай. Биыл колледжге 60 жыл толып, үлкен той жасаған болатын. Кеш соңында колледждің 60 жылдық медалімен Н.Елтай, Н.Пірімбет, М.Ибрашев, И.Байкенжеевтер марапатталып, аталған оқу орнының тарихы жазылған кітаптарды сыйға алды.
Махамбетқали Тұрсанов – ел жадында айтыс өнерінің адал тұлғасы, атақ алып қарапайымдылықты ұмытпаған азамат ретінде халықтың жадында мәңгі сақталмақ. Ақынның қоғамға қосқан өлшеусіз еңбегі, елі үшін өткізген саналы ғұмыры көпшіліктің есінде сақталары сөзсіз. Ұл-қыздары колледж ұжымына, арнайы осы шараға мұрындық болған Л.Асылбекқызына алғыстарын айтып, келген қонақтар мен көрермендер осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген ниеттерін білдірді.
Бекжан Ержігіт.