Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр суымен сүйегіне тектілік сіңірген

Сыр суымен сүйегіне тектілік сіңірген


Сыр суымен сүйегіне тектілік сіңіре біл­ген арқалы да адуын ақын Махамбетқали Тұрсанов – XX ғасырда аламан айтыстың туын желбіреткен дарабоз ақындардың бірі де бірегейі болатын. Талай сөз бәйгесінде топ жа­­рып, жүлде олжалаған Махамбетқали ақын суырып салма айтыстың озық үлгісін көрсетіп, есімдері елге мәшһүр Нартай, Манап ақын­дардың өнегесін бойына сіңіріп, киелі өнердің ізін жалғады. Өз заманының сал-серісі атанған ақын халықтың ыстық ықыласына өнері арқылы бөлене білді. Өмірін өлең-жыр­мен өрнектеген ақын өнердің майталманы ғана емес, ізінен ерген ізбасарларының ұстазы да бола білді. Сөз бәйгесінде ешкімге дес бермеген Махамбетқали Тұрсанов айтыс өнерінде талай белестерді бағындырды.

Сөз – бұлақ сарқылмайтын сағасынан,
Ақыл – теңіз ортаймас ханасынан.
Ақын оқып, еңбекпен туа алмайды,
Туа дарын боп туар анасынан.
Қайсының ойы саяз, қайсы терең?
Сөзінің бағаланар шамасынан.
Бәйгеге мың тұлпарды қоссаң дағы,
Солардың бірі озар арасынан, – деп өзі жырға қосқанындай, тума талантымен қатарынан дараланған ақын 1979-1981 жылдар аралығында өткен облыстық ақындар айтысында үш мәрте қатарынан топ жарып, Сырдың «Бас ақыны» атағын иеленген еді.
Көненің көзін көріп, киелі өнердің қариясы атанған осынау жан өмірде көргені мен түйгені мол тұлғалар кіндігін кескен, өсіп түлеген аймақтың тарихына шомып, кешегіні бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру үшін көп еңбек етті. Және сол еңбегімен халықтың ықыласына бөленгеннен артық бақыт жоқ деген ұстанымда болды.
Сонау айтыс өнері жандана бастаған сексенінші жылдары сахнада жыр тасқынын селдетіп, талай айтыс дүлдүлдерін сөзбен тосқан ақын
Азаматтар ақылды,
Құрметтеген ақынды.
Құрметтесең ақынды,
Шығарар ақын атыңды, – деп халықтың өзіне деген ізгі ілтипатын жүрек түкпірінен шыққан өлең сөзбен өре білді.
Замадин, жастарыңда білім қандай,
Өзіңнің қазақ ана тілің қандай?
Сөздерін кей жастардың түсінбейсің,
Шүлдірлейді миына қан құйылғандай.
Кейпінен кей жігіттің адам шошып,
Дода бас уым-дуым жын ұрғандай.
Мойнында ат дорбасы теңселіп жүр,
Перінің ойнағына ұрынғандай.
Көкпеңбек кей қыздардың екі көзі,
Біреудің сойылына жығылғандай.
Шөп желке, шөже бас боп шыға келед,
Жартылай сойған тауық жұлынғандай.
Осыны ой тоқтатқан ересектер,
Сәндік деп айтпай ма екен мұның қандай?
Әже мен аналардан білмей ме екен?
Болғанын қазақ қызы бұрын қандай?
Халқымның салтын сақтар мезгіл жетті,
Осыны жастар болса ұғынғандай.
Жастарды тәрбиелеп алмаймыз ба?
Халық боп атсалыссаң бірің қалмай…, – деп қоғам­да орын алып жатқан кейбір жағымсыз көріністерді айтысына арқау етіп, өткір тілмен жеткізе білді.
Ал, қарсыластарының кемшілігін дөп басып, әр кез өз ойын жасырмай, кейде мақтамен бауыздағандай етіп әзілмен де өткір жеткізе білді. Мәселен:
Замаддин, кейпің кетіп қалыпты ғой.
Үйіңнен кінәлі боп қуылғандай.
Алдынан шашыңыздың арты ұзын,
Көріксіз көрінеді түрің қандай?
Елуде сенің түрің мынау болса,
Болады сені көрген інің қандай? – дейді.
Қарсыласының бір сөзін қағыс жібермейтін, от ауыз орақ тілді ақын тағы бір жолы Есіркеп Қоңқабаевпен айтысып, тартысты басталған бәсеке сатира мен юморлық желіде жалғасын табады.
Есіркеп Қоңқабаев:
Оу інішек, қалай-қалай мақтанасың?
Алдымен біліп алмай ақ-қарасын.
Бетіңе кемшілігің шіркеу боп тұр,
Жеңіспен үйгім кеп тұр аттанатын.
Ал, жасырмай осы жерде айтып берші,
Сырым жоқ ішке сақтап ап қалатын, – дейді.
Сонда Махамбетқали ақын:
Былтырғы есіңде ме, көктемдегің?
Күріш деп күрмек болды еккендерің.
Егістік жерді қолмен тыңайтам деп,
Көң емес, кебір екен төккендерің.
Табыстың қай түрінен болса дағы,
Бармайды Шиеліге жеткен жерің.
Менімен айтысам деп әуре болма,
Жөндеп ал, кемшіліктің кеткен жерін.
Көшесі Жаңақорған кеткен сасып,
Әр үйден төгеді екен күлін тасып.
Көшеңіз белуардан батпақ бопты,
Лайы төккен күлмен араласып.
Маңына адам түгіл мал бармайды.
Кетеді жанды түгіл жансыз қашып,
Мен оны көзбен барып, көріп келдім,
Сіз оны жасырғанмен қолмен басып, – деп бір сөзі нысанадан мүлт кетпейтін әзілі мысқылға, мысқыл барып кекесінге, кекесін төтесін тауып әжуаға айналып жатады. Айтысты одан әрі жалғасақ, қарсыласын толық зерттеп, біліп алып, оны айтыс айдынында әдемі әдіспен өзіне қарсы пайдалану арқылы керемет жыр майданына ұласады. Мұнан әрі:
Пышақтан жазым болған он үш адам,
Ойлашы, қылмыс бар ма мұнан жаман.
Заң орны бұл жұмысты тексерместен,
Көшеде әндетіп жүр қызыл жағаң.
Ауылыңда жігіттер көп айлалы-епті,
Ұрлап ап көп малыңды пайда етті.
Іздеу жоқ, сұрауы жоқ бара жатыр,
Ес аға, бұл малдарың қайда кетті?
Сіз мұны бүркемелеп, айтпайсыз ау,
Шамасы жеп жүрсіз-ау пайда етті, – деп деректерді дәйекпен ұштастырып, үйлестіреді. Бұл жерде әжуа дұшпандық емес достық рәуіште мазмұн алады. Осындай айшықты әзілдер, мақтамен бауыздайтын базыналы күлкі мен қазыналы қалжың, Сырдың бас ақыны айтысының ажарын кіргізіп қана қоймай, аламанның базарын қыздырады. Текті өнердегі Тұрсановтың қолтаңбасы туралы айта отырып, айтыстың ақынға артар ауыр жүгін, жауапкершілігін, ақын жырларында да әлеуметтік өткір мазмұн, қарымды қайраткерлік бар екенін көрсетуге тырыстық.
Дина ЖҮСІП.
06 ақпан 2018 ж. 1 435 0