Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрсанов тұтынған заттар мұражайда

Тұрсанов тұтынған заттар мұражайда


Ақын өмірден өткенімен, іздеушісі – халық. Тірі кезінде пайдаланған заттары, алған марапаттары бізге жол көрсетіп тұратындай. Тарихи-өлкетану музейінде облыстың бас ақыны Махамбетқали Тұрсановтың пайдаланған заттарын алып кеп таныстырды.
Биылғы жыл жетістікке толы болды десек те, мәдениет, өнер саласындағы алып тауды орнынан жылжытып, үлкен мұң да сыйлады. 2018 жылдың қаңтар айында қабырғамызды қайыстырып, айтыс тарихында ерекеше орын алған, суырып-салма, тапқыр ақын Махамбетқали Тұрсановтан айырылған болатынбыз. Махаңның өзге ақындардан ерекшелігі сексеннің сеңгіріне шықса да айтыстағы өзінің, қарсыластарының сөзін түгелдей жатқа біледі. Бұл да асқан дарындылық. Суырып-салма айтыстың ең биік шыңында тұрған дәл осы облыстың бас ақыны десек қателеспейміз. Әрбір айтысындағы астарлы әзілдері, табан асты тапқырлығы, соның ішінде, қыз бен жігіт айтысында асқан шеберлік танытуы халық жадынан ұмытылмайды. Осындай ел үшін туған ерлерді ұлықтау міндетіміз. Аудандық тарихи-өлкетану музейіне ақынның пайдаланған заттарын, портретін, жайнамазын, алған марапат медальдарын алып кеп таныстырды. Бұл игі шараның өтуіне мұрындық болып жүрген ауданның белігі азаматы, мәдениет саласының ардагері Әшімхан Оспанов. Әңгіме барысында «Махаңнан көп тәжірибе алдым. Қанша өнері болса да менменсіп көкірек көтермейтін. Көзін көргесін құрмет көрсетпей жата алмадым» дейді Ә.Оспанов. Мұнымен қоса, музейге ақынның өз қолымен шапқан ерісін де ала келіпті. Ұл-қыздары мен немерелері атасының көптеген өнері бар екенін де баяндап берді. Көзі тірісінде киген шапанын музей қызметкерлері мен біз де киіп, естелік суретке түсіп алдық. Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел қашан да табылады.
– Алдағы уақытта ақынның барлық қолданған заттарын, медальдарын осы музейге тапсырамыз. Халық үшін туған ердің естелігін халық көруі керек, – дейді ұпақтары.

Бекжан ЕРЖІГІТ.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).
30 желтоқсан 2018 ж. 1 364 0