ҮШ ЖАСЫНАН САХНАҒА ШЫҚҚАН РИММА

Анасының жетекшілігіндегі би тобында алғаш сахнаға шығып, жүлделі орындарға ие болған Римма үшін өнер жолы – кездейсоқ таңдау емес, жүрек қалауы болды. Римма өзінің кәсіби білімін жетілдіру мақсатында бірнеше оқу орнында білім алды. 2014 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің «Әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркем шығармашылық» мамандығына түсіп, 2018 жылы тәмамдады. Одан кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Хореография» мамандығы бойынша оқып, 2021 жылы аяқтады. Шиелі ауданы Арман мәдениет үйінде КМҚК хореографы болып жұмыс істейтін Римма, қазіргі таңда «Арман» би тобының жетекшісі ретінде де көптің құрметіне ие. Оның қол астында өнер көрсететін жас бишілер топтасып, би өнерінің қыр-сырын меңгеріп, шыңдалуда. Оның жетекшілігімен «Rimma Show» би ансамблі де өз жұмысын жалғастырып, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындар мен жоғары бағаларға ие болуда. Бұл топтың құрамында өнер көрсетіп жүрген жастар Римманың тәжірибесі мен биік кәсіби деңгейіне қарап, өздерін би өнерінде сенімді сезінеді. Би және хореография – Римманың өмірінің бір бөлшегі. Ол үшін сахна – тек орын емес, жан дүниесінің бір бөлігі, ал би – ішкі әлемінің тілі. Римманың көп жылдық еңбегі мен тәжірибесі оның тек хореограф қана емес, өнердің шынайы жанашыры екенін көрсетеді. Өзінің жетістіктері мен шеберлігін жастарға үйретіп, оларды би әлеміне қадам басуға баулу – оның негізгі мақсаты. Өнерге деген құрметі мен оған деген сүйіспеншілігі Римманы тек өнерге ғана емес, өз ұрпағына да рухани азық беретін ұстазға айналдырды. Өзінің сахнадағы еркіндігі мен шығармашылық жолында алған жетістіктері жастар үшін үлкен үлгі болып қалары сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ