Жүзден жүйрік Жеңімпаздар
Қазақ мәдениетіндегі классикалық өнер саналатын жыр терме, дәстүрлі ән күй өнері, әлемдік деңгейдегі қазақ халқының, қала берді қазақ мәдениетінің ұлттық эталоны. Рухани ағартушылық бағыттың негізгі өзегі болып табылатын, ұлттық құндылықтарымыздың ел есінде жиі жаңғыруы, ұлттық өнерімізге жасалатын қамқорлық және ескі өнердің есті насихаты болмақ.
Қазақстан ұлттық арнасының тікелей қолдауымен, елімізде халықаралық «Мен қазақпын» атты, дәстүрлі ән, күй, жырларымызды насихаттайтын ұлттық мега жоба, биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш жобада ұлттық мұраны мұрат тұтынған талапкерлер, еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ алыс жақын шет елдерден қамтылады деп күтілуде.
«Мен қазақпын» мега жобасының негізгі мақсаты, қазақтың ұлттық мәдениетін насихаттау, халық жадында қайта жаңғырту, ұлттық өнерімізге деген ел сүйіспеншілігін және патриоттық сезімдерді арттыру болып табылады.
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған аталмыш жобаға, Қызылорда облысынан, барлық аудан және қала бойынша 100-ден аса өнерпаз бақ сынады. Шиелі ауданы бойынша облыстық кезеңге жолдама алған К.Түрікпен (жыр), М.Бекпейісов (дәстүрлі ән), Ә.Тәшімовтер (күй), ұлттық жобаның облыстық кезеңінен де сүрінбей өтіп, халықаралық кезеңге жолдама алып отыр. Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын демекші, жүзден аса талапкерлердің ішінен оза шауып, халықаралық бәйгеде ел намысын қорғайтын бұл үштік, Шиелі ауданының ғана емес, қасиетті Сыр топырағының үкілеген үміті болмақ.
Күнсұлу Түрікпен – 1992 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. 11 жасынан домбыраны серік еткен жыршы, түрлі республикалық, халықаралық жыраулар бәйгесінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Дауысы қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ң «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша білім алған. Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетін тәмамдаған. Өнертану ғылымдарының магистрі, болашақ өнертанушы ғалым. Ұстазы – әлемдік жырау А. Алматов. Өнер сапарымен Англия, Түркия, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінде болған. Қазіргі таңда, Шиелі кентіне қарасты «Арман» мәдениет үйінде әдіскерлік қызметін атқарады.
Әділбек Тәшімов – 1984 жылы Қызылорда облысы, Шиелі
ауданында дүниеге келген. Бала жасынан қара домбыраны жанына серік еткен күйші, домбыраға деген үлкен ықыласының арқасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын тәмамдайды. Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақ Мемлекеттік Академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің құрамында өнер көрсетіп, аталмыш оркестрде біраз жылдар еңбек еткен. Атақты дәулескер күйші Қ.Ахмедияровтың шәкірті. Ұлттық өнерге шәкірттер баулып отырған ұлағатты ұстаз. Өнер сапарымен алыс жақын шет мемлекеттер Араб елі, Баку қаласы, Түркия мемлекеті, Корея елінде, Азербайжан мемлекетінде өнер көрсеткен талантты күйші. Күйшінің қорында 200-ден аса қазақтың қоңыр үнді күйлері бар. Қазіргі таңда Шиелі кентіне қарасты «Арман» мәдениетін үйінде «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі қызметін атқарады.
Мұхаммедәлі Бекпейісов – 1995 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Мектеп жасынан Нартай ән мұрасына ықыласты өнерпаз, есейе келе Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-ң «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша білім алады. Әкесі Қ.Бекпейісов Нартай ән мұрасының тікелей насихаттаушысы. Әкеден алған тәлім-тәрбиенің арқасында, көптеген Нартай мұраларын бойына сіңіріп, қазіргі таңда санаулы Нартай ән дәстүрінің насихаттаушылары қатарында. Өнер сапарымен Орта Азия елдерінің көбінде өнер көрсеткен. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық филармониясында қызмет атқарады.
Бұл талантты үштікті Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы қабылдап, жүйрік жампоздарды жартылай жеңістерімен құттықтап және алдағы сындардан жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдіре отырып, гүл шоқтарын табыстады.
Өнер – бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең деп жатады. Ал өміршең өнердің бүгінін ертеңге жалғайтын буын – ұлттық өнердің ұлылығын сезінген, талантты өнерлі өскелең ұрпақтар екені айқын. Өрелі өнердің өресін өрге сүйреп жүрген өнерпаз өрендерге ақжолтай сәттіліктер тілейміз!
Нұргүл Шалекеева,
«Арман» мәдениет үйінің директоры.