Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызға қорған бол, ұлға иман бер

Қызға қорған бол, ұлға иман бер

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Баланың бойына ізгі қасиет пен көркем мінезді сіңіру – ең алдымен отбасының міндеті. Үйде алған тәлім мен тәрбие оның ертеңгі өмір жолына шамшырақ болып, қоғамдағы орнын айқындайды. Сондықтан «Бала үйде, қылығы түзде» деген нақыл сөздің мәні бүгінгі таңда бұрынғыдан да арта түскендей.
Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің тәрбиесі – тек мектептің ғана емес, ата-ана мен бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе бозбала мен бойжеткеннің жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті, киім кию әдебі мен үлкенге құрмет көрсетуі ата-ананың күнделікті назарында болуы тиіс. Себебі бала көбіне ата-анасының бақылауынан емес, немқұрайлылығынан қателікке бой алдырады.
Бүгінгі күні технологияның дамуы балалардың дүниетанымына үлкен әсер етуде. Әлеуметтік желілердегі әртүрлі ағымдар мен жалған сән үлгілері кейбір жасөспірімдердің санасын улап, ұлттық болмысымызға жат әрекеттерге жетелеуде. Соның ішінде мектеп жасындағы қыз балалардың ерте боя­нып, жасына сай келмейтін қысқа әрі ашық киімдер киюі алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Қыз бала – ұлттың айнасы, отбасының берекесі, болашақ ананың бейнесі. Сондықтан қыз тәрбиесіне ерекше мән беру – әр ата-ананың қасиетті парызы.
Жыл басында сарапшылар мен құзырлы органдар еліміздегі жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен туу көрсеткіштері бойынша ең соңғы мәліметті жариялады. Бұл деректер өткен жылдардың (2024-2025 жж) нақты статистикасын көрсетеді. Ол бойынша 15 пен 19 жас аралығындағы әр мың қызға шаққанда туу көрсеткіші орташа есеппен 12,96-ны құраған. Яғни осы жастағы мың қыздың ішінен шамамен 13-і ана атанған. Қазақстанда статистика екі топ бойынша бөлек жүргізіледі. 15-17 жас (негізгі топ) және 14 жасқа дейінгі балалар. Елімізде жыл сайын 14 жасқа толмаған (7-8 сынып оқушылары) 6-дан 9-ға дейін қыз баланың жүкті болуы немесе босануы сияқты шетін жағдайлар тіркеледі.
Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 123,6 мың жұп ресми некесін қиған. Кәмелетке толмаған 616 қыз және 16,8 мың 18-19 жастағы бойжеткен тұрмысқа шыққан. Некеге тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім ұлдардың саны небәрі 64 адам. Бұл қыздар арасындағы көрсеткіштен 10 есе аз. Айта кетерлік жайт, аталған сандардың ішінде 18 жасқа толмаған 2 қыз және 18-19 жастағы 80 бойжеткен ажырасып, тағы да тұрмысқа шыққан. Ал ер жігіттер арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Екінші мәрте некеге тұрғандардың саны небәрі 7-еу және олардың барлығы кәмелетке толған. Бұдан жасөспірім қыздардың көбіне өз қатарластарына емес, өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдарға тұрмысқа шығатынын немесе солардың зорлық-зомбылығына душар болатынын байқауға болады.
Қазақ халқы қыз баланы қашанда ибалы, инабатты, ар-намысты етіп тәрбиелеген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз оның еркіндігін шектеу үшін емес, абыройын қорғау үшін айтылған. Бойжеткеннің сыртқы келбеті оның ішкі мәдениетінің көрінісі болуы керек. Әдептілік пен қарапайымдылық қыз баланы әрқашан көрікті етіп көрсетеді. Ал жасанды сұлулыққа әуестеніп, орынсыз сән қуудың соңы тәрбиелік құндылықтардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Сол сияқты бозбалалардың да тәрбиесі назардан тыс қалмауы қажет. Ер-азаматтың болашақтағы тұлғасы мектеп қабырғасынан қалыптасады. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, білімге ұмтылу, жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттер жас күнінен бойына сіңірілгенде ғана елдің тірегі болатын азамат өсіп шығады.
Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс неғұрлым берік болса, бала тәрбиесіндегі нәтиже де соғұрлым жемісті болады. Ата-аналар баласының сабақ үлгерімін ғана емес, оның достар ортасын, бос уақытын қалай өткізетінін, интернеттегі әрекеттерін де бақылап отырғаны жөн. Тәрбие – бір күндік жұмыс емес, үздіксіз жүретін үдеріс.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиесі – ұлт болашағын тәрбиелеу деген сөз. Үйдегі тәрбие түздегі тәртіптен көрініс табады. Бойжетіп, өсіп келе жатқан қыз бен ұлдың түнгі уақытта бейберекет жүруіне ата-ана тосқауыл қойса, ерте жүктілік пен зорлық-зомбылықтан, қатер мен жазымнан сақтауға күш салар еді. Сондықтан әрбір ата-ана перзентінің тәрбиесіне бейжай қарамай, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге күш салуы керек. Сонда ғана саналы ұрпақ өсіп, ел ертеңі жарқын болмақ.

Гүлнәр Дүйсебай
08 маусым 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930