ОТБАСЫ ЖӘНЕ ИСЛАМ
Отбасының негізі – Неке қию Алла Тағала Құранда былай дейді: «Олардың арасынан өздеріңе жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім орнатқаны да Оның белгілерінің бірі» (Рум сүресі, 21-аят) Бұл аят неке – жай биологиялық не заңды келісім емес, мейірім мен сүйіспеншіліктің, тыныштық пен сенімнің мекені екенін білдіреді. Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم да некенің маңызын ерекше атап өтіп: «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен безсе, ол менің үмметімнен емес» (Бухари, Муслим) деген. Неке арқылы адам нәпсісін харамнан қорғайды, ұрпақ жалғастырады, қоғамда тәртіп пен тазалық орнайды. Ер мен әйелдің міндеттері Исламда ер мен әйел тең дәрежеде құрметке ие, бірақ олардың міндеттері мен жауапкершілігі әртүрлі. Құранда Алла Тағала: «Ерлер – әйелдерге қамқоршы. Себебі Алла олардың бірін екіншісінен артық етіп жаратты және ерлер өз мал-дүниелерінен (әйелдерге) нәпақа береді» (Ниса сүресі, 34-аят) дейді. Ер адам отбасының басшысы, қорғаушысы, нәпақа жеткізушісі, әйеліне жақсылықпен қарау, зиян келтірмеу, балаларына дұрыс тәрбие беру, үй ішіне әділдік пен тыныштық орнату, білім беруге міндетті. Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم» Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе ең жақсы қарымқатынас жасайтындарың» (Тирмизи) деп айтқан. Ал әйел ерінің амандығы мен абыройын, дүниесін сақтау, үй ішінің тәртібі мен тәрбиесін қамтамасыз ету, балаларына аналық мейіріммен қамқор болу, күйеуінің көзін арамнан сақтау, күйеуіне бағынуы міндет. Алла Елшісі صلى الله عليه وسلم ол туралы «Әйел – күйеуінің үйінің күзетшісі, ол өз жауапкершілігіне аманат етілген» (Бухари, Муслим) дейді. Отбасының рухани тірегі – махаббат пен тақуалық Махаббат пен тақуалық – берік отбасының басты діңгегі. Тақуа ер мен әйел өзара сүйіспеншілік пен Алла разылығын жоғары қояды. Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم» :Әйелге төрт қасиетіне қарап үйленеді: байлығына, тегіне, сұлулығына және дініне. Сен діндар әйелді таңда, (онда) бақыт табасың» (Бухари, Муслим) дейді. Бұл хадис – отбасын құруда рухани үйлесімділік пен иманның басты критерий екенін көрсетеді. Балалардың орны және ата-ананың жауапкершілігі Исламда бала – Алланың аманаты. Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болатын тозақ отынан сақтаңдар» (Тахрим сүресі, 6-аят) дейді. Ата-ананың ең үлкен міндеті – баласын дінге, әдепке, білім мен еңбекке баулу. Балаға жақсы тәрбие беру – садақа сияқты үзілмейтін сауап. «Адам өлгенде оның үш амалы тоқтамайды: садақа жәрия, пайдалы ілім және дұға қылатын салихалы ұрпақ» (Муслим). Отбасы – қоғамның айнасы Берік отбасы – берекелі қоғамның кепілі. Пайғамбар صلى الله عليه وسلم заманында да отбасылық береке мен тәрбиеге баса назар аударылған. Отбасында құрмет, мейірім, кешірім болса – қоғамда тыныштық пен татулық орнайды. Қазақта да «Отан – отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтылмаған. Ислам діні мен қазақ дәстүрі осы тұрғыда үндеседі: екі жүйе де – отбасыны қоғамның діңгегі деп бағалайды. Отбасы – Алланың ұлы сыйы әрі сынағы. Берекелі отбасы болу үшін ер мен әйел бірбірін Алла разылығы үшін жақсы көруі, сабыр мен сыйластыққа негізделуі қажет. Исламдағы отбасы – махаббат, жауапкершілік, әділдік және тақуалық арқылы нығаяды. Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم айтқандай: «Егер бір үйде Алланы еске алу, Құран оқу және сүйіспеншілік болса – ол үй нұрға толы болады» Алла тағала барша отбасын бақытқа бөлесін!
Рахат СЕРІКБАЙҰЛЫ,
аудандық орталық мешіт имамы
аудандық орталық мешіт имамы






