“Бақытты отбасы” жобасы ажырасу мәселесін қалай шешіп жатыр?
2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 63 917 неке тіркелген. Ал ажырасу саны - 29 073. Бұл - неке құрғандардың 45,5%-і. Бұл туралы "Бақытты отбасы" пилот жобасының аралық нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатында айтылды. Алматыда маусымда “Бақытты отбасы” отбасы соттары жанынан отбасын ресурстық қолдау орталығы ашылған еді. Орталықтың мақсаты – Қазақстандағы ажырасу санын азайту, Отбасы және неке туралы заңға өзгеріс енгізуге ұсыныстар әзірлеу. Ажырасуға сотқа арыз берген ерлі-зайыпты алғашқы отырыстан соң осы орталыққа жіберіледі. Орталықтағы мамандар ажырасу себебін анықтап, ымыраласуға көмектеседі. “Бақытты отбасы” пилот жобасын “Дағдарыс орталықтары одағы” заңды тұлғалар бірлестігі іске асырады.
Бірлестіктің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова 8 қалада 11 отбасын қолдау ресурстық орталығы бар екенін айтты.
Орталық отбасындағы ұрыс-керіс мәселесі, ажырасу жағдайы, отбасы мүшелерін қолдау жұмыстарымен айналысады. Қазақстанда екі жылдан бері Жоғары сот бірыңғай отбасы сотын құру жұмысымен айналысып жатыр. Ол ювенал сот, азаматтық сот пен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарын біріктіреді. Бірақ бұл сот отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын ғана қарастырады. Отбасы соты ата-анасы ажырасып жатқан баламен психологиялық кешенді жұмыс жүргізуі қажет, – деді Зүлфия Байсақова.