Ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар мүлікті қалай бөліседі?
Ажырасу – қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің бірі. Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы одан арғы жылмен салыстырғанда неке бұзу дерегі 0,3 процентке артып, 54,8 мыңды құрады.
ALPHA Legal заң кеңсесінің басқарушы серіктесі Ренат Қадыров 11 жыл бойы «БРАКОРАЗВОД.kz» интернет жобасына жетекшілік етіп келеді. Сайт отбасылық құқық төңірегінде сауалы бар азаматтарға арналған.
Оның айтуынша, мүлікті бөлісу бойынша заңда айтарлықтай өзгерістер жоқ, сол баяғы қалпында қалып отыр. Дегенмен дүние-мүлікті бөлісудің жаңа әдіс-тәсілдері пайда болды. Соның бірі – медиация. Яғни бітімгерлер екі тараптың көңіліне қонатын шешімді іздестіруге көмектеседі.
«Некеде тұрған кезде алынған жылжымайтын мүлікті заң органдары 2012 жылдан бастап қана екі тараптың атына жазуды қолға алды. Ал 2012 жылға дейін сатып алынған дүние-мүлікті бөлісу ажырасу кезінде біраз қиындық туғызады. Сондықтан бұл тұрғыда оларға кәсіби медиаторларға жолығып, екі жаққа да тиімді шешімге келгені дұрыс», – дейді ол.
Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Айгүл Әбеуова ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар арасында мүлікті бөлісудің процесі қалай жүретінін айтып берді.
Ерлі-зайыптылар арасында ортақ мүлікті бөлісу және тараптардың ондағы үлесін анықтау тек сот тәртібі негізінде жүзеге асырылады. Көбіне неке уақытында мүлікті бөлісу бөлек тұру кезінде немесе ерлі-зайыптылардың жеке қарыздары үшін мүліктің қалған бөлігін өндіріп алу мақсатында болады. Мүлікті бөлісу туралы талап арыз сотқа некені бұзу өтінішімен бірге немесе одан кейін беріледі.
Неке кезінде пәтерді сатып алу мен оны ажырасу кезінде өз меншігіңде қалдыру
Бұл сауал kn.kz порталының оқырмандарын жиі мазалайды. Адвокат Айгүл Әбеуованың айтуынша, отбасылық өмірде жиналған дүние-мүлік ортақ болып саналғанмен, оларды сатып алу, өз иелігіңде қалдырудың жолдары бар. Мәселен, мүлікті тегін алу. Заң бойынша, мәміле негізінде берілген мүлік бөліске қойылмайды. Оның ішінде, сый ретінде алынса.
Неке келісімшартын жасақтаңыз
Неке кезінде иеленген заттарды жоғалтпауға неке келісімшарты кепілдік береді. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде белгіленген ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі режимін неке келісімшартын жасау арқылы өзгертуге болады.
Қандай мүлік бөліске түспейді?
Ортақ материалдық құндылықтардан бөлек, жұбайлар өз алдына жеке мүлікке де иелік ете алады. Айгүл Әбеуованың айтуынша, әр адамның жекеменшігіне – некеге тұрғанға дейін қол жеткізген заттары;
– неке кезінде сыйға алынған мүлік, мұрагерлік жолмен өткен немесе басқа да өтеусіз келісім негізінде алынған;
– жеке қолданыс заттары (киім, аяқ киім т.б.) қымбат бұйымдарды қоспағанда;
– некенің іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезеңде жиналған дүниелер жатады.
Арада кәмелет жасына толмаған бала болса
Ерлi-зайыптының ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн анықтау кезiнде әрқайсының құқығы тең деп танылады. Алайда, Айгүл Әбеуованың айтуынша, сот кәмелет жасына толмаған балалардың мүдделерін ескере отырып, оны өзгертуге құқылы.
Заңда жұбайлардың мүліктік бөліс теңдігін өзгертудің екі жағдайы қарастырылған:
Кәмелет жасына толмаған балалардың мүддесін негізге алу. Бұл жерде бала ата-анасының біреуімен ғана қалған болса. Ол бала тәрбиесіне қажетті заттар (аудио-видеотехника, кір жуғыш және тігін машинасы т.б.) немесе ерлі-зайыптының біреуінің үлесін қаржылай түрде арттырумен көрініс табуы мүмкін.
Ерлі-зайыптының бірінің мүдделеріне сүйену. Оның екі шарты бар: 2.1. Егер де жұбайлардың бірі отбасылық өмірде ешбір себепсіз кіріс әкелмесе; 2.2. Отбасы мүлкін оңды-солды шашса.
Ипотекалық пәтерді бөлісу
Ипотекаға алынған пәтерді бөліске салу жұбайлар арасында жиі келіспеушілік тудырады.
«Төленбеген ипотекалық несие болса, тараптардың бірі ортақ мүліктегі үлесін белгілеу үшін сотқа талап арыз қалдыра алады», – дейді Айгүл Әбеуова.
Банктік қарыз шарты бойынша несиені жабуда екі жақ тең құқыққа ие.
Мүлік төлем мерзімі аяқталғаннан кейін ғана бөліске түседі.
Қазақстандықтардың мүлік бөлісуде жиі жіберетін қателіктері:
– Заңды білмеуі, сауатсыздығы;
– неке дауын сотқа жеткізбей реттеу мүмкіндігін қолданбауы;
– шамадан тыс қызбалық пен реніш;
– ерлі-зайыптының бірі екіншісіне қысым көрсету ойымен ортаға баланы салып, түрлі құйтырқылықтарға барады.