ТӘРБИЕ ТАҒДЫРЫ ТАРАЗЫДА
Бүгінгі қоғамда баланың тәрбиесі туралы әңгіме көп. Ата-ана мектепті кінәлайды, мектеп ата-ананы меңзейді, ал бала болса, телефонға телміріп отыр. Сонда, шын мәнінде, баламызды кім тәрбиелеп жатыр?Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Бірақ бүгінгі ата-ана баласына уақыт бөлуден гөрі, телефон ұстатып тыныштандыруды оңай көреді. «Балам үйде, аман-есен» деген оймен шектелеміз. Ал баланың не көріп, не тыңдап, кімге еліктеп отырғанын бақылау екінші кезекке ығысты. Кейбір ата-аналар тәрбиені тек тыйыммен шатастырады: «Барма», «жасама», «тиіспе». Бірақ үлгі жоқ жерде тәрбие де жоқ. Бала айтқаны емес, істеген әрекетті қайталайды.
Мектеп: білім беруші ме, тәрбиеші ме?
Қоғам мектепке тым көп міндет артып қойды. Бүгінгі мұғалім тек білім беруші емес, тәрбиеші, психолог, әлеуметтік қызметкер, тіпті кейде ата-ананың орнын басушы ретінде қабылданады. Сабақ үлгерімі де, тәртіп те, мінез де, өмірге көзқарас та мектептен сұралады. Баланың бойындағы әрбір кемшілік үшін ең алдымен мұғалімге қарау әдетке айналды.

Ал, шын мәнінде, мектеп – тәрбиенің бір ғана бөлігі. Ол отбасындағы тәрбиені толықтыра алады, бірақ алмастыра алмайды. Мектеп баланың санасына бағыт береді. Алайда мінездің іргетасы әлдеқашан үйде қаланған болып шығады.
Мұғалім күніне ондаған баламен жұмыс істейді. Әр баланың мінезі бөлек, тәрбиесі бөлек, көргені басқа. Біреу сөз тыңдайды, біреу қарсыласады, енді біреуі мүлде үндемейді. Осындай әртүрлі ортада мұғалімнен әр баланың тағдырына жеке-жеке жауап беруді талап ету қаншалықты әділетті? Ал ата-ана бір ғана баламен өмір сүреді. Оның мінезін де, әдетін де, ішкі күйін де ең жақсы білетін сол болуы тиіс. Соған қарамастан, баланың қателігі үшін ең алдымен мектепті кінәлау әдетке айналған. Бұл мәселенің себебін емес, салдарын іздеу. Баланың мектептегі мінезі – үйдегі тәрбие мен бақылаудың айнасы. Егер бала жауапсыз болса, оған тек мұғалім емес, оны сол күйге жеткізген орта да жауапты.
Мектепке бар үмітті арта салу ата-ананың өз жауапкершілігін жеңілдетудің ең оңай жолы. «Мұғалім көрмеді», «мектеп бақыламады», «тәртіп үйретпеді» деген сөздердің артында көбіне өзіміздің немқұрайлығымыз жатады. Ал бала бұл қайшылықтың ортасында қалып қояды. Шын мәнінде, мектеп пен ата-ана бір-біріне қарсы тарап емес, бір бағытта жұмыс істеуі тиіс серіктестер. Бірақ серіктестік жауапкершілікті тең бөлісуден басталады. Егер ата-ана мектепті жалғыз қалдырса, тәрбие әлсірейді. Егер мектеп отбасымен байланыссыз қалса, нәтиже болмайды. Мұғалімнің міндетін көбейте берген сайын, тәрбиенің сапасы артпайды. Керісінше, жауапкершіліктің нақты иесі көмескіленеді. Ал балаға ең керегі кінәліні іздеу емес, ортақ қамқорлық.
Сондықтан «бала неге бұзылды?» деген сұрақтан бұрын «біз өз міндетімізді орындадық па?» деп сұраған жөн. Тәрбие бір мекеменің мойнына артылатын жүк емес. Ол үйден басталып, мектепте жалғасатын ортақ еңбек.
Телефон – үнсіз тәрбиеші
Бүгінгі ең ықпалды тәрбиеші – телефон. Ол баламен тәулік бойы бірге. Таңертең көзін ашқанда көретіні де, кешке ұйықтар алдында соңғы қарайтыны да сол. Смартфон баланың уақытын ғана емес, назарын, ойлау жүйесін, тіпті сезіну қабілетін де өзіне байлап алды. Бала не көрсе соны шындық деп қабылдайды, не естесе соны қалыпты өмірдің бөлігі санайды.

Телефон баланы тәрбиелемейді. Ол ақыл айтпайды, тәртіпке шақырмайды. Бірақ дәл сол себепті оның ықпалы әлдеқайда күшті. Экран арқылы сабырсыздық қалыптасады. Бәрі тез болуы керек, бір сәт күтудің өзі қиын. Агрессия байқалмай еніп, сөз бен әрекеттің арасындағы шекара жойылады. Ал жалған құндылықтар жеңіл табыс, даңқ, сыртқы жылтыр баланың санасында өмірлік мақсатқа айнала бастайды.
Ең қауіптісі – біз телефонды тәрбие құралы ретінде мойындамаймыз. Оны жай ғана ойыншық, уақыт өткізетін құрал деп қабылдаймыз. «Баламыз тыныш отырса болды» деген оймен экранды қолына ұстатамыз да, қалғанына көз жұма қараймыз. Ал, шын мәнінде, сол тыныштықтың артында баланың санасы біз бақыламайтын бағытта қалыптасып жатыр.
Мойындамаған нәрсемізді бақылай алмаймыз. Қандай контент көріп отыр, кімге еліктеп жүр, нені дұрыс деп қабылдап жатыр бұған жауап іздемейміз. Өйткені телефонды тәрбиеші деп тану өзімізге қосымша жауапкершілік жүктейді. Ал ол жауапкершіліктен қашу ең оңай жол.
Телефон баланың жанын бос қалдырмайды. Егер сол жанға ата-ана сөз айтпаса, мектеп бағыт бермесе, экран өз «сабағын» өткізе береді. Ол сабақтың бағасы бірден білінбейді. Бірақ уақыт өте мінезден, қарым-қатынастан, таңдаудан көрінеді. Сондықтан мәселе телефонда емес. Мәселе – оны кім, қалай, қандай мақсатта қолданып отырғанында. Егер экранды тәрбиенің бір бөлігі ретінде мойындамасақ, ертең оның салдарымен күресу кеш болады. Тәрбие – бақылаусыз қалған жерде әлсірейді. Ал телефон бақылаусыз қалуға ең ыңғайлы тәрбиеші.
Үш жақ, бір жауапкершілік
Баланы тек ата-ана тәрбиелейді деу де, тек мектеп қалыптастырады деу де, тіпті бар жауапкершілікті қоғамға арта салу да шындықтан алшақ. Тәрбие бір адамның немесе бір мекеменің міндеті емес. Ол – ортақ жауапкершілік. Бірақ сол жауапкершіліктің негізгі салмағы бәрібір ата-ананың мойнында. Өйткені баланың ең алғашқы ортасы – отбасы, ең алғашқы үлгісі – ата-ана.

Мектеп бағыт береді, қоғам ықпал етеді, орта мінез қалыптастырады. Ал сол ықпалдардың бәрін сүзгіден өткізетін ата-ана. Егер ол сүзгі болмаса, бала кімнің дауысы қатты шықса, соған еріп кете береді. Сондықтан ата-ананың рөлі ешқашан екінші орынға түспеуі тиіс. Егер ата-ана баласына уақыт бөлсе, онымен сөйлесе алса, мектеппен байланыс орнатса, телефонды тыйым салу үшін емес, дұрыс қолдануға үйретсе нәтиже бар. Ондай отбасында бала өз жолын адаспай табады. Өйткені оның жанында бағыт беретін тірек болады.
Ал бәрін сыртқа ысырып қойсақ, «мектеп қарасын», «қоғам тәрбиелесін», «уақыты келгенде өзі түсінер» деп шегінсек, ертең баланың мінезіне, таңдаған жолына таңғалуға хақымыз жоқ. Себебі ол жол біздің бүгінгі немқұрайлығымыздың салдары. Тәрбие – кейінге қалдыратын шаруа емес. Ол бүгін басталады. Бүгін сөйлеспесек, ертең кеш болуы мүмкін. Бала – өздігінен қалыптасатын құбылыс емес, күн сайын бағыт беруді қажет ететін аманат. Ал аманатқа салғырт қарау – ең ауыр қателіктің бірі.
ТҮЙІН
Баламызды кім тәрбиелеп жатыр деген сұраққа жауап беру қиын емес. Кім көбірек ықпал етсе, сол тәрбиелеп жатыр. Егер ол ықпал ата-анадан шықпаса, оның орнын бөгде бір күш басады. Қазіргі таңда ол – телефон. Ертең кім боларын ешкім білмейді. Ал бос қалған тәрбие орны ешқашан бос тұрмайды. Тәрбиені кейінге қалдырған әр күн ертеңгі өкініш. Бүгін айтылмаған сөз, бүгін бөлінбеген уақыт, бүгін көрсетілмеген үлгі ертең мінез болып алдыңнан шығады. Сол кезде кешірім сұрау да, кінә іздеу де нәтиже бермейді. Баланы тәрбиелеу ұран емес, мінберден айтылатын сөз де емес. Ол күн сайын қайталанатын қарапайым әрекет. Тыңдау, сөйлесу, үлгі болу, бірге болу. Сол әрекет бүгін басталмаса, ертең кеш болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бала – уақытты күтпейді, ал тәрбие – кейінге қалдыруды кешірмейді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ