Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – отбасының айнасы

Бала – отбасының айнасы


Қоғамдық ортада баланың тәрбиесіне әсер ететін жағдайлар көп. Отбасындағы ата-анадан бастап, мектеп, ұстаз, достары, ауладағы көршілер, теледидар, ғаламтор деп тізбектеліп кете береді. Дегенмен, «ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» демекші, әрбір адамның тұлға болып қалыптасуында отбасының алатын орны ерекше.
Отбасының маңызды күші – ерлі-зайыптылардың ата-аналық махаббаты мен мейірімі және балалардың өз тарапынан ересектерге деген құрметі, жанашырлық сезімі болып табылады. Осы тұста Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Еліміздің болашақта гүлденуі бүгінен басталады» деген баяндамасында «Отбасының беріктігі, жұбайлардың бір-бірінің, ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершілігіне де көп нәрсе байланысты. Ата-аналар балаларына ал, балалары қартайған ата-аналарға қамқор болуға тиіс» деген болатын. «Отбасы тәрбиесі» ұғымының өзі «отбасы» және «тәрбие» категорияларының жиынтығынан тұрып оның қызметі мен рөлі, отбасындағы тәрбие толығымен қоғамдық өмір заңдылықтарына байланысты дамиды.
Отбасы десе әр адам өзіне қатысы бар деп ойлайтыны анық жағдай. Отбасын ата-ана және бала құрайды. Оның кез келген мүшесі бақытты да, төрт құбыласы тең болуды қалайды. Бала бақытты болу үшін оған барлық жағдай жасалуы керек деген ұғым бар халық арасында. Ең әуелі олар баланың алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті жеткілікті дәрежеде орындауы тиіс. Ол дегеніміз, байлық пен барлық қана емес, балаға рухани азық керек. Жақсы мен жаманды ажырата білгені жөн. Өмірдің мәні тек ақша мен байлық деген ойдан баланы аулақ салу қажет. Балаға жылы қабақ қандай мөлшерде болса, қатал көзқараста сондай мөлшерде болуы тиіс. Балаға ата-ана тарапынан талап үнемі қойылуы тиіс. «Балаға жаның ашыса, оны аяма» деген де сөз бар.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағының тұтқасын ұстар азамат. Қоғамда өзінің орнын тауып, саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін әрбір ата-ана перзентінің тағдырына алаңдауы тиіс. Ақпараттық кеңістіктің жедел дамып, шарықтаған заманында қайнаған өмірдің ортасында жүргеніңізге қарамастан, үйдегі балаңызға күнделікті уақыт табуға тырысыңыздар.

Ботакөз Қалдыбекова,
«Нұртілек» балабақшасының тәрбиешісі

22 мамыр 2021 ж. 1 514 0