Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – ұлағат ұясы

Отбасы – ұлағат ұясы


Отбасы – адам өмірінде кездесетін бағалы құндылықтың бірі. Жер жаһанда жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә? Өйткені, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырда көңілді көтеріп, жанды жадырататын бірден-бір орын отбасы. Сонымен қатар отбасы – адамзат баласының қанаты қомданып, өмірге бейімделетін алғашқы баспалдағы. Жұмыр жердегі әр пенде ата-ана ақылымен болашағына бағдар жасайды, өн бойына өнеге дарытып, тәрбие мен тағылым қалыптастырады. Демек бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ана мен отбасының маңызы зор. Өнегесі мол отбасы болу перзент үшін ғана емес, ел үшін де ерекше рөл атқарады. «Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» демекші жанұяда жарасым тауып, ізгілік пен махаббатқа шомылып өскен бала болашақта елдің тірегі бола алады. Отбасының орны бөлек екенін қоғамға сездіру үшін 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 15 мамырды халықаралық отбасы күні деп белгіледі. Бұл мереке алғаш рет 1994 жылы тойланды.
Қазақ «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деумен қатар ұл-қыздарын жас­тайынан отбасылық өмірге дайындаған. Әсіресе, қыз бала дүниеге келген сәттен бастап оны қонақ ретінде құрметтеп, жатжұрттық деп жүрегіне жара салатын ауыр сөз айтпаған. Қыз тәрбиесіне ерекше көңіл аударып, ата-ананың екеуі де бей-жай қарамаған. Ал шаңырақтың иесі болып қалатын шекесі торсықтай ұлды жауапкершілігі мол, ақылы асқан, отбасының асыраушысы болатындай етіп өсірген. Бұғанасы қатпаған балаларды бұлай тәрбиелеудің астарында отбасын құруға дайындық жатыр. Яғни жастайынан ана ақылын, әке тәрбиесін көріп өскен бала болашақта өнегелі отбасы құруға қауқарлы болады. Бұл туралы Елбасы да Жастар жылының ашылу салтанатында айтқан болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Жас­тарды жаңа әлеуметтік рөлдерге және отбасылық өмірдің шынайылығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастау керек. Ана институтын қолдаумен бірге, әке институтын дамыту, жасөспірімдерде өз отбасына жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды. Отбасылық қатынастардың барлық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және консультациялық көмекті қамтамасыз ету қажет. Отбасылардың ажырасуы біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудыруда. Ғалымдар, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге ерекше назар аударуы тиіс» деген еді. Расымен, қазіргі таңда шаңырағы шайқалып, отбасы ойрандалып жатқан жандар аз емес. Әлемге әйгілі психолог Констанция Аронстың дерегінше дүниежүзінде әр 13 секунд сайын бір жұп ажырасады екен. Ал азуын айға білеген АҚШ-та жылына 1 миллион отбасының іргесі сөгіледі. Біздің елімізде ше? Өкінішке қарай, мұндай мәліметтерді жоқ дей алмаймыз. Себебі, Қазақстанда әрбір екінші отбасы некесін бұзады. Шиелі ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың 4 айында некеге тұрған 166 жас жұбайлардың 55-і жараспаған, ал 2020 жылдың 4 айында отау құрған 169 отбасының ішінде 50-інің шаңырағы шайқалған.
Бексұлтан Нұржекеұлының «Ерлі-зайыптылар» кітабында «Үй болу, оның татулығын сақтау оңай емес. Өйткені, өмірдің өзі де, сол өмірдің ең тәттісі махаббат та тек мерекелі сәттердің тізбегі емес. Махаббаттың қызығына қарай қиындығы да мол. Алайда, қосағың келіп құшағыңа кіргенде, балаң келіп мойныңа асылғанда, қиындықтың бәрі қуанышқа айналып шыға келеді» дейді. Демек отбасындағы ұрыс-керіс пен өзара келіспеушілік кез келген жанда кездеседі. Тек оған бордай үгітілмей, темірдей төзімді болу шарт. Себебі, ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткенде өздері ғана емес, отбасынан жылулықты, махаббатты сезінбеген сәбилер де зардап шегеді. Ал толық емес отбасында өскен бала келешекте күйзеліске ұшырап, әртүрлі құқық бұзушылыққа бармауына кім кепіл? Керісінше отбасында мейірімділікке, адалдық пен жауапкершілікке сусындап өскен бала болашақта босағасы берік, түтіні түзу, бақытты отбасы құруға талпынады. Бұл сөзімізге «Бала нені білсе жастан, ұядан. Өле өлгенше соны таныр қиядан» деп Жүсіп Баласағұнның айтқаны дәлел.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

17 мамыр 2020 ж. 9 981 0