Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыт балалы үйге қонады

Бақыт балалы үйге қонады


Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Сондықтан адам ұрпағымен мың жасаған. Адал еңбегімен өнегелі отбасы атанып, елдің ұйытқысына айналған батыр аналар баршылық. Қай кезде де көпбалалы аналарға қамқорлық көрсетіліп, оларға жасалып жатқан қолдаулар аясы күннен күнге кеңеюде.

Көпбалалы аналардың еңбегін бағалау және ерекше атап өту үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері деп ерекшелеп келеді. Алтын құрсақты аналар ардақталып, шарапат аясы молая түсуде. Сондай-ақ елімізде қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар арқылы, көпбалалы аналардың жағдайлары біршама жақсарып та қалғаны жасырын емес. Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Ә.Оразбекұлы қоғамдағы демографияның өсуіне үлесін қосып жүрген алтын құрсақты аналарды қабылдады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 4 мамырдағы №37 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерін марапаттап, ізгі тілегін жеткізді. Шарада 18 көпбалалы ананың біреуі алтын, ал қалғаны күміс алқаға ие болды.
Жиында көпбалалы аналар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, «Күміс алқа» иегерлері алдағы уақытта «Алтын алқаға» да қол жеткізетіндерін айтып, елдің тыныштығына шүкіршілік білдірді. Иә, расымен әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде: «Түз – ердікі, үй – әйелдікі»,– дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із. Бұл әйел қауымының зор құрметі. Ана – барлық өмірдің бастауы.
Шара барысында бүгінгі әйелдердің ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы рөлі сөз болды. Қазіргі таңда аудан бойынша 4 баладан жоғары 2477 көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде 157-сі «Батыр ана», 225-сі 1,2 санаттағы «Ана даңқы» болып есептеледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа» иегерлері 693 болса, ал «Күміс алқа» иегерлері 1402 ана болып отыр. Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізер әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Алайда әр елдің балаларының бала тәрбиелеу ісі бір-біріне ұқсай бермейді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға ортақ құндылықтар бар. Олар – туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі.
Еселі еңбек қашан да еленеді, екшеленеді. Лайықты құрмет те көрсетіледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері өмірдің белестеріне мойымай, қарапайымдығынан айнымай, отбасын ізгілікке арнаған жандар. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнап, мәңгілік елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде атсалысып келе жатқан аналарды қалай құрметтесекте жарасады.


Жұлдызай
Ноғайбайқызы.
15 маусым 2019 ж. 1 460 0