Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аналар ардақталды

Аналар ардақталды



Көпбалалы аналардың еңбегін бағалау және ерекше атап өту үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері деп ерекшелеп келеді. Қай кезде де көпбалалы аналарға қамқорлық көрсетіліп, қолдаулар аясы күннен күнге кеңеюде. Сондай-ақ елімізде қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар арқылы көпбалалы аналардың жағдайлары біршама жақсарып та қалғаны жасырын емес.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы жақсы қасиеттер де алдымен анадан тарайды. Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында өңір басшысы Ә.Оразбекұлы қоғамдағы демографияның өсуіне үлесін қосып жүрген алтын құрсақты аналарды қабылдады. Аудан әкімі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерін марапаттап, «1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі» күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Шарада 26 көпбалалы ананың 8-і алтын, ал қалғаны күміс алқаға ие болды.
Мереке қарсаңында көптен күткен алқаларын алған аналардың көңіл-күйлері көтеріңкі болды. Бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, «Күміс алқа» иегерлері алдағы уақытта «Алтын алқаға» да қол жеткізетіндерін айтып, елдің тыныштығына шүкіршілігін айтты.
Шара барысында бүгінгі әйелдердің ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы рөлі сөз болды. Қазіргі таңға аудан бойынша 4 баладан жоғары 2443 көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде 157-сі «Батыр ана», 225-сі 1,2 санаттағы «Ана даңқы» болып есептеледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа» иегерлері 684 болса, ал «Күміс алқа» иегерлері 1367 анаға жеткен.
Еселі еңбек қашан да еленеді, екшеленеді. Лайықты құрмет те көрсетіледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері өмірдің белестеріне мойымай, қарапайымдығынан айнымай өмірін ізгілікке арнаған жандар. Осы ретте, неміс жазушысы Т.Фонтаненің мына сөзі ойға оралады: «Қарапайымдылық – тәуір нәрсе ғана емес, сонымен бірге ең ізгі де дүние» деген екен. Иә, өмірін бала тәрбиесіне арнап, мәңгілік елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде атсалысып келе жатқан аналарды қалай құрметтесекте жарасады.

Ж.Қауғанбаева.
03 мамыр 2019 ж. 1 194 0